Спорт

Жерлес шабандоздар жеңіспен оралды

500 мың теңге. Жерлес шабандоздар Елордада өткен бәйгеде үздік атанып, ақшалай сыйлыққа ие болды. Қос солтүстікқазақстандық  жорға жарысында жүлде еншіледі. Республикалық додада өңір намысын абыроймен қорғаған атбегілердің бірімен арна тілшілері тілдесіп қайтты.

Евгений Чибисов – тәжірибелі шабандоз. Ол 10 жасынан аттың құлағында ойнаған. Өмірін ат спортымен байланыстырған азамат талай сайыстарда жеңімпаз атаныпты. 20 жылдан бері “Құлагер” ипподромында еңбек етеді.

Евгений Чибисов – ат спорты бойынша ҚР спорт шебері:

– Ат спорты – шапшаң спорт әрі көзге тартымды. Жетістікке жету жолында өзіңнің жауапкершілігің ғана емес, тұлпардың мінез-құлқы да маңызды рөл атқарады. Оны мәреге дейін жетелей білу оңай шаруа емес. Кез келген жағдайда қырсығып қалуы мүмкін. Сол себепті, дайындық барысында жануардың тыныс алуына, денінің саулығына әрі жаттығуды орындауына ерекше назар аударған жөн.

Жанна Бисенова – тілші:

– Осыдан 6 мың жыл бұрын адам баласы алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйретті. Тарихи деректерде желдей жүйрік жануарға құрық аққайыңдар өлкесінде салынғаны жазылған. Және бұл факті дәлелденген. Осы уақыттан бері Қамбар ата төлі – адамның көлігі, ал тұяқтылардың еті мен сүті ас-суы болып келеді.

Қазақ тарихында ел қорғаған атақты батырлармен бірге олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары да айтылады. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы. Ал бүгінгі сюжетіміздің кейіпкері – Евгений Чибисовтың серігі Филипс. Жануар ипподромға қаңтар айында әкелініпті. Өзгелеріне ұқсамайды, бұйрықты тез түсінеді, тез орындайды. Әрі адам баласына ерекше жақын келеді дейді Евгений. Айта кеткен жөн, жақында Филипс баптаушысымен бірге елордада ат спортынан Елбасы кубогі үшін өткен бәйгеге қатысып, жүлделі орынға ие болды.

Евгений Чибисов – ат спорты бойынша ҚР спорт шебері:

– Филипстің алғашқы сайысы сәтті өтті. Мәселен, жорға жарысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 10 қарсыласының арасынан үздік атанды. Жарыста облыс намысын тағы 2 тұлпар қорғады. Үшеудің екеуі жүлделі орыннан көрінді.

Евгений Чибисов Филипстің әлі талай бәйгеде озып шығатынына сенімді. Жалпы, “Құлагер” ипподромында бүгінде 6 ат күтіліп-бапталуда.

Бисенова Жанна