Ауыл шаруашылығы

Құс тұмауы салдарынан шығындалғандарға өтемақы берілуде

СҚ-да құс тұмауы салдарынан шығындалған азаматтарға өтемақы берілуде. Бүгінде қаражатқа 53 солтүстікқазақстандық қол жеткізіпті. Жерлестеріміздің шотына жалпы сомасы 73 млн теңге аударылған. Қаржылай қолдаудың көлемі  қанаттының орташа нарықтағы бағасына сәйкес есептелген.

Осыдан бір ай бұрын Сергей Никифировтың ауласы қаздарға толы еді. Мұнда шамамен 260 бас бағылып жүріпті. Ауыл тұрғыны қанаттыларды несиеге алған. Әрбір кішкентай құс үшін 1350 теңге төлеп, жаз бойы оларды күтіп, баптап өсірді. Аналықтарын келесі жылға сақтап, қаздардың санын көбейтуді жоспарлапты. Тіпті, инкубатор дайындаған екен. Бірақ, қауіпті вирус қанаттыларды айналып өтпеді. Сергей Никифоров түсірген видеодан құстардың бірінен соң бірі өліп жатқанын көруге болады.

Сергей Никифоров, Белоградовка селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Құстар сағат сайын қырыла бастады. Алдымен денелері әлсізденді. Осыған дейін де қаз өсіріп едік, аз-маз тәжірибеміз бар. Бұл не екен деп кітаптарды парақтап, ақпарат іздестірдім. Интернетті ақтарып ем Ресейдің Омбы облысында тамызда құс тұмауының жайылғанын көрдім. Бірден ветеринарларға хабар бердім. Мамандар қанаттылардан сынама алып, зертханаға жіберді. Нәтижелері өте тез, ертеңіне-ақ дайын болды.

Белоградовка селосына ветеринар дәрігерлер келіп, барлық құстардың көзін жойған. Қаздардан бөлек азаматтың 60 үй тауығы пен 40 бройлері болған. Олар да инфекция жұқтырыпты. Қырылып қалған әрбір бас үшін иесі өтемақы алды. Барлығы қожайынға 1,5 млн теңге төленген. Бұл кеткен шығынды толық жабады дейді Сергей Никифоров.

Сергей Никифоров, Белоградовка селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Бізге өтемақы төленбесе, шығынға белшеден батар едік. Осыған дейін аналықтарға алған несиемді жабуға мүмкіндігім болмас еді. Қаздың бір басы үшін – 5500, бройлерге – 1200, үй тауығына 1000 теңгеден берілді.

Жоғары патогенді вирустың таралуы туралы естіген Лариса Бортник тауықтарын қамап, қаздарын сойып алыпты. Шешімі өте дұрыс болған. Жабайы құстар вирусты Тимирязев селосына да жеткізген. Инфекция, тіпті, қамалып тұрған қанаттыларды да аямады. Тауықтардың көздері қарауытып, бастары салбырай бастаған. Ал бірнеше сағаттан кейін алпысының барлығы қырылып қалыпты.

Лариса Бортник, Тимирязев селосының тұрғыны:

– Мамандар келіп, ауланы дезинфекциялады. Бір емес үш мәрте. Өлген құстардың денелерін алып кетті. Кейін біз есеп шот аштық. Қажет құжаттарды жинап, тиісті орган өкілдеріне тапсырдық. Екі апта өткен соң, өтемақы төленді. Ешбір проблема болған жоқ. Жұмыс жақсы ұйымдастырылған.

60 тауық үшін Лариса Бортникке 56 мың теңге төленді. Бұл сома келесі жылы да ауланы қанаттыларға толтыруға жетеді дейді үй иесі. Барлығы Тимирязев ауданында құс тұмауынан 4 елді мекендегі 20 аула зардап шегіпті.

Кенжебай Байғожынов, Тимирязев селосының тұрғыны:

– Құс тұмауынан тауықтарымыз өліп қалды. Ветеринарлар келіп зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Жақында өтемақы төленді.

Инфекцияға шалдықпаған қанаттылар болса, вакциналаудан өтті. Ауданға 54 мың доза жеткізіліпті. Нәтижесінде шамамен 40 мың құсқа екпе егілген. Ал тұмауды жұқтырғандар және олармен бір аулада бағылғандардың денесі өрттелді.

Дулат Жәкішев, Тимирязев аудандық аймақтық инспекциясының басшысы:

– Барлығы 1335 бас құс тәркіленіп, жағылды. Қанаттылардың иелеріне өтемақы төлеуге қажет құжаттарды жинадық. Бүгінде 11 адамға қаражат төленсе, тағы 9-ының өтініші қаралу үстінде.

22 қазандағы ақпаратқа сәйкес, өтемақыға 53 солтүстікқазақстандық қол жеткізіпті. Оларға жалпы сомасы 73 млн теңге төленді.

Эльмира Садвокасова