COVID-19: Қазақстан

СҚО-да вирус жұқтырғандарға арналып 3400 орын әзірленген

Облыстағы медициналық мекемелерде  вирус жұқтырғандарға арналып  3400 орын әзірленген. Оған қоса, тыныс алу аппараттарының саны 240-қа жеткізіліпті. Соңғы 7 күнде 117 мың солтүстікқазақстандық ПТР тест тапсырған.

Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 3 есеге артқан. Яғни, жуырда 160-қа жуық құрылғы сатып алыныпты. Тағы, қыркүйек айының басында облысымызға жаңа 18 жедел-жәрдем көлігі жеткізілді.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Сондай-ақ, медициналық мекемелерде науқастарға арналып 3400 төсек-орын дайын тұр. Жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталғаннан кейін бірден ПТР зертханасын іске қосатын боламыз. Онда күніне 3 мың тест жасалмақ. Тағы, бюджет есебінен 5 оттегі станциясын ашамыз.

Баяу болса да өңірде вирус жұқтырғандардың саны артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде 9 адам дертке шалдыққан. Оның 3-уі көршілес Ресей елінен келіпті. Осыған байланысты облыс аумағындағы бекеттерде тексеріс шаралары күшейтілді. Елге келуші қонақтарда індетті жұқтырмағандығын дәлелдейтін қағаз міндетті түрде болуы тиіс. Болмаса, шекарадан өткізілмейді. Ал елге оралған отандастырымыз міндетті түрде 2 апта карантинге жатқызылады.

Айнаш Сағандықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– 7 күн ішінде 3 бақылау бекетінен 4059 адам өтті. Оның 2608 – жүк тасымалдаушы, қалғаны – жаяу өткендер. Карантинге жатқызылған 352 адамның 20-да ПТР оң нәтиже берген. 13 адам – солтүстікқазақстандық тұрғын, қалғаны – өзге ел азаматтары. 8 шетелдік азаматқа кіруге тыйым салынды.

Тағы бір айта кететіні, соңғы бір аптада облыс тұрғындарының 20 пайызы ПТР тест тапсырған. Яғни, 117 мың адам вирустың бар-жоғын тексеріпті.

Маржан Касымбек