Денсаулық сақтау

СҚО-да соңғы 1 тәулікте коронавирус 10 адамнан табылды

Енді коронавирусқа қатысты елдегі және өлкедегі ахуалға тоқталайық. Соңғы 1 тәулікте аты жаман індет 179 отандасымызда расталған. Солтүстік Қазақстан облысында инфекция 10 адамнан табылды. Сондай-ақ, өңірде 12 адам дерттен толықтай айығып шықты. Ал жергілікті билік өз кезегінде қатардағы тұрғындардан қарапайым қағидаларды сақтауды кезекті мәрте өтініп отыр. Тап беруі мүмкін екінші толқынға облыстың әзір екенін баяндаған аймақ басшысы, вирустың таралмауы бұқараның жауапкершілігіне байланысты екенін тағы бір еске салды.

Александр Казанцевты петропавлдықтардың көбі біледі. Табысты бизнесмен, депутат әрі қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі қазір қарамағандағы еңбеккерлермен жиналыс өткізіп жатыр. Алайда, осыдан 4 ай бұрын кәсіпкердің жиналыс өткізбек түгілі, жөнді тыныс аларлық жағдайы болмаған. Ол ол ма, қызуы көтеріліп, денесі қалтырай бастапты. Ойға бірден келгені – коронавирус. Көп кешікпей диагноз расталды.

Александр Казанцев – кәсіпкер:

– Шілденің бірі ауруханаға түстім. Дәрігерлер коронавирустық инфекцияның белгілері бар пневмонияға шалдыққанымды айтты. Вирус өкпемнің 65 пайызын зақымдап үлгеріпті. Ауа жетпей, тынысым тоқтап қалған сәттер де болды. Ең қорқыныштысы – инфекцияны әйеліме де жұқтырыппын. Бірнеше күннен кейін ол да стационарға жатқызылды.

Александр мырзаны да, оның жұбайын да індет жеңе алмады. Ақхалаттылар оларды екі аптаның ішінде аяққа тұрғызған. Жасы 70-ке таяған азамат стационарға түскенге дейін сақтық шараларын елеп-ескере бермегенін жасырмады. Ал қазір аса мұқиятпын дейді. Өзгелерге де осындай кеңес береді. Әсіресе, замандастарына.

Александр Казанцев – кәсіпкер:

– Таныстарым мен құрдастарымның арасында дәл осы вирустан көз жұмғандар көп. Ауруханаға түскенде де, науқастардың көбінің егде жастағы жандар екенін байқадым. Өйткені, жас ұлғайған сайын иммунитет әлсіреп, созылмалы аурулар өрши түседі ғой. Сондықтан, қарапайым ережелерді сақтайық. Онсыз да өмірлерін қатерге тігіп, аурумен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлердің жұмысын көбейтпейік.

Жергілікті билік те санитарлық талаптарды сақтауға шақырып отыр. Кеше шектеу шараларының жұмсартылмайтындығын мәлімдеді. Белгілі болғандай, Солтүстік Қазақстанда кинотеатрлар ашылмайды, ал сауда-ойынсауық орталықтары демалыс күндері жұмыс істемейді. Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде ауруханаларда дәрілердің 2 айлық қоры бар. Дәріханалар препараттармен 1 айға қамтамасыз етілді. Науқастардың саны күрт артса, стационарларда 3400 кереует дайын тұр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Кейбір адамдар вирустың бар екеніне әлі де сенбейді. Бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқанда, құлақ пен көзге сенбеу – әбестік. Мұндай қылықпен олар тек өзіне, отбасына және қоршаған адамдарға қауіп төндіреді. Ал вируспен ауырып қалған кезде басқаша сөйлеп, барлығын түсіне бастайды. Осыған көз жеткізу үшін міндетті түрде вирус жұқтыру керек пе?!

Ал статистика күнен күнге артуда. Мәселен, қазанның 21-і коронавирустық инфекцияны 141 адам жұқтырса, кеше диганоз 179 отандасымызда расталған. Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 10 жаңа науқас тіркелді. Ал соvid-19-дың белгілері бар пневмония 181 қазақстандықтан табылды, 2-уі көз жұмды.

 

 

 

 

Саят Ермек