Қоғам

Петропавл мүгедектер үшін қаншалықты қолайлы?

Президент қыркүйектегі Жолдауында “Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз”,- деген еді. Бүгінде СҚО-да 27 мыңға жуық мүгедек бар, яғни әрбір 20-шы жерлесіміз – жарымжан деген сөз. Заң бойынша / 12 мүшесі сау адамға қолжетімді игіліктер / 12 мүшесінде ақауы барлар үшін де қолжетімді болуы тиіс.

Ақжан Кәрім бізді балдаққа сүйеніп қарсы алды. Бірақ, бұл уақытша. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жігіт туғанынан мүгедек арбасына таңылған. Сөзінше, қалада өзіндей жарымжандар үшін ыңғайсыз жерлер баршылық.

Ақжан Кәрім:

– Достарым, таныстарым қонаққа шақырғанда ең алдымен “Ол жерде пандус бар ма?” деген сұрақ туындайды. Өкінішке қарай, көпқабатты үйлер мен мекеме-ұйымдардың көбі мүгедектер үшін жарақталмаған. Жоғары қабаттарға өзгенің көмегінсіз көтеріле алмайсың.

Қанша дегенмен, соңғы жылдары мәселеге мән беріле бастады. Алайда, кейбір нысандарда жарымжандарға қажетті жабдықтың сапасы талапқа сай келмейді дейді Ақжан. Біз тексеріп көруді шештік. Жақын маңдағы супермаркетке барғанда мүгедектерге арналған көлік тұрағын таппадық – бұл бір. Екіншіден, бордюр тұрақтан тротуарға өтуге кедергі болды. Жолдың үстімен жүруге тура келді. Өйтіп-бүйтіп пандусқа да жеттік.

Көмек қолын созған күзетші бізді терезеден көріп қалған сыңайлы. Өйткені, шақырту түймесі мұнда жұмыс істемейді. Қалалық ХҚКО-да болса пандустың алдындағы есік кілттеулі тұр екен. Күзетші ашты. Ал әжетхана есігіне тиісті белгі ілінген, есіктердің өзі кең, арнайы тұтқалар да бар. Іші тарлау кабинадан басқасының бәрі талапқа сай.

Қалалық әкімдік ғимаратының алдында да мүгедектерге арналған автотұрақты көрмедік. Шақырту түймесін пандустан емес, есіктің шетінен таптық. Тек арбаға таңылғанның қолы кнопкаға жетпейді. Басқанның өзінде, ешкім шықпады. Ал бірінші қабатта орналасқан фронт-кеңсе қуантты. Қызмет алу үшін жоғарыға көтерілудің қажеті жоқ. Қажет бола қалса, механикалық көтергіш орнатылған.

Тексеріп болып, жөнімізге кетпек едік, ол да болмады. Манағы механикалық көтергіштің істен шықпасы бар ма? Төмен түспей, тұрып қалған қондырғының қызметкерлер тілін таба алмады. Сөйтіп, Ақжанды баспалдақтан қолға алып түсірді.

Тексерістен кейінгі келесі күні Петропавл әкімдігі бәрін жөнге келтіреміз деп уәде берді.

Серікжан Исенов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Олқылықтардың бәрін түзеттік. Мәселен, көтергіш қазір ақаусыз жұмыс істеп тұр. Ал әжетханаға қатысты айтарым, алдағы бірнеше күн ішінде тұтқаларды жөндеп, бәрін талаптарға сай қалыпқа келтіреміз.

Зағиптардың да мүгедектер санатына кіретінін ескерген жөн. Көзі көрмейтін жандар үшін сары жапсырмалар, тактильдік жолақтар және Брайль шрифтімен жазылған ақпараттық тақташа болуы тиіс. Кейбірі бұл талаптарды орындауға жауапкершілікпен қараса, басым көпшілігі ережелерді ескермейді. Кейіпкеріміз Ақжан Кәрім мұндай мониторингілерді журналистерсіз де жүргізіп тұрады. Айтуынша, Петропавлда бірде-бір нысан талаптарға толық сай келмейді. Ол жетекшілік ететін “Ардос жүрек” ұйымы кәсіпкерлермен де, шенеуніктермен де әріптестік орнатуға дайын.

Ақжан Кәрім:

– Нысан-ғимараттардың қожайындары келіп, пандусты дұрыс орнату, әжетханаларды жарақтау бойынша көмек сұрай келсе, тегін кеңесті қуана-қуана береміз. Сондай-ақ, жаңа объектілердің жобасын әзірлегенде де жарымжандарға жүгінсе деген тілек бар. Өйткені, мұның бәрі қалай болса солай емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайлы етіп жасалуы тиіс. Алайда, бүгінге дейін жеке маған ешкім жолыққан жоқ.

12 мүшесі сау адамға қолжетімді игіліктердің жарымжан үшін қолжетімсіз болуы психологиялық тұрғыда ауыр әсер етеді дейді Владимир Эрман. Спортшы әрі депутаттың сөзінше, орта ыңғайсыз болса, мүмкіндігі шектеулі адам үйден себепсіз шықпайтын болады. Ал бұл – олардың құқықтарын шектеу деген сөз.

Владимир Эрман – қалалық мәслихатттың депутаты, паражүзуден ҚР спорт шебері:

– Мәселен, біз алысқа бармас үшін үйіміздің жанындағы дүкенге кіргіміз келеді. Бірақ, көп жағдайда бұл мүмкін емес, өйткені пандус деген атымен жоқ. Болғанның өзінде, оны пайдалану қиынның-қиыны. Дәріханалар мен шаштараздарда да сондай жағдай. Сондықтан, шаш қию үшін шеберді үйге шақыртып, медикаменттерге интернеттен тапсырыс беруге тура келіп жатады. Неге бұлай? Өйткені, кәсіпкерлердің көбі адамдарды емес, пайданы ойлайды, қосымша шығынданғылары келмейді.

Мұндай олқылықтар түзетілуі тиіс. Өйткені, мүгедектердің кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасамағандар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Шенділердің сөзінше, болашақта жағдай түзеледі. Өткен жылдың соңында Үкімет мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмысын жақсарту бойынша ұлттық жоспарды бекітті. Оған сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстандағы елді мекендер мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін барынша ыңғайлы, ал әлеуметтік нысандар қолжетімді болуы шарт. Біздің облыста жоспар қалай жүзеге асып жатыр?

Азамат Сыздықов, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Ұлттық жоспар аясында биылдың өзінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, дыбысты бағдаршамдар, арнайы жол белгілері орнатылуда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 170-тен астам әлеуметтік нысанды жарымжандарға бейімдейміз.

Қоғамдық көлік мәселесі де өзекті тұр. Арбаға таңылғандар үшін шаһарда “инватакси” қызметі жұмыс істейді. Бірақ, машинаға бір күн бұрын тапсырыс беріп қою керек. Ал шаһарішілік жүздеген автобустың бүгінде небәрі 12-сінде пандус не механикалық көтергіш бар. Билік өкілдері жыл соңына дейін парк біршама жаңартылып, жарымжандарға бейімделген көліктер көшелерге шығады деп сендіріп отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек