МТРА жаңалықтары

Петропавл халықаралық әуежайының тағдыры не болмақ

Жергілікті билік Петропавл әуежайының алдағы тағдыры турасында түсініктеме берді. Еске салсақ, соңғы қоғамдық қабылдауында облыс әкімі аэропортты банкрот деп тану процедурасының басталғанын айтқан еді.

Қалтқысыз жұмыс істеуі үшін әуежай айына кемінде 64-тен 86 рейске дейін жасауы керек екен. Алайда, олардың саны бүгінде небәрі 20 ғана. Сондықтан, аэропорт шығынға белшеден батып, дағдарысқа ұшыраған. Қазірдің өзінде қарыздың жалпы сомасы 700 млн теңгеге жуықтайды. Ал қызметкерлерге мекеме әкімшілігі 22 млн теңге берешек. Жергілікті билік жалақыны толық көлемде қазанның соңына дейін төлейміз деп отыр. Ал әуежай облыстың коммуналдық меншігіне өтіп, кейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында инвесторға берілмек.

Асқар Қылышбеков, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Иелігінде әуежай болған АҚ-ды ауданаралық экономикалық сот банкрот деп таниды. Ал аэропорт терминалы, ұшып-қону жолақтары мен қызмет көрсетуші техниканың бәрі – азаматтық авиация комитетінің меншігінде. Қазір бұл мүлікті мемлекет меншігінен облыстың коммуналдық меншігіне өткізу үрдісі жүріп жатыр. Содан кейін біз инвестор іздеуді бастаймыз. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің арқасында әуежай жаңғыртудан өтеді. Яғни, қызмет көрсету сапасы жақсарып, шетелдік әуе тасымалдаушы компаниялар тартылады. Сондай-ақ, материалдық техникалық база жаңартылып, жаңа рейстер ашылып, жұмысшылардың жалақысы артады.

Дана Ешкенова