Білім

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде 27 кезекші топ жұмыс істейді

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінде оның жартысынан астамы – онлайн форматта, ал қалғаны / кезекші бастауыш сыныптарда оқып жатыр. Арнамыздың түсірілім тобы оқу ұясында болып, оқушылар үшін жасалған жағдаймен танысты.

Су жаңа Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп кең, жайлы әрі жылы. Қыркүйекте таспасы қиылған нысанға қазір бастауыш сынып оқушылары ғана келіп жүр. Диана Ғалымжан 4-сыныпта оқиды. Кішкентай жерлесімізге қашықтықтан емес, білім ошағында оқыған ұнайды екен.

Диана Ғалымжан – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Маған мектепке келіп оқыған ұнайды. Мұғалімдермен бетпе-бет сөйлесеміз. Тақырыпты жақсы түсінеміз. Достарымызбен ойнаймыз.

Қазір 4-сынып оқушыларының басым бөлігі штаттық режимде оқып жатыр. Тек 10 бала ата-аналарының қалаулары бойынша Zoom платформасы арқылы қашықтықтан білім алуда. Білікті ұстаз Қарлығаш Латыпованың айтуынша, онлайн форматта оқитын балалар да сабаққа белсене қатысады.

Қарлығаш Латыпова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қашықтықтан оқыту, әрине, қиынға соғып жатыр. Қашықтықтан оқып жатқан балалар мен сыныпта оқып жатқан балалардың білім алу сапасы екі түрлі болады. Бірақ та, қашықтықтан оқуға үйреніп жатырмыз. Қазір Zoom платформасы арқылы сабақ беріп жүрміз. Бізге өте тиімді. Оқу үлгерімдері өзгерген жоқ. Соған таң қаламыз. Оқу сапаларында еш өзгеріс жоқ.

Кезекші сыныптарда санитарлық талаптар қатаң түрде сақталады. Балалар 2 ауысыммен оқиды және әр сыныпта 15 оқушыдан ғана отырады. Қоңырау да әр түрлі соғылады. Тағы, кабинеттерде бактерицидті лампалар қосылып отырады.

Шынар Темірханова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Балаларға кірген кезде қолдарын жуатын санитайзерлер орнатылған. Кілемше төселген. Балалар кіріп-шығатын әр түрлі есіктер бар. Маскалары мен перчаткалары салынатын орындар да белгіленген.

Жалпы, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде барлығы 968 оқушы білім алады. Оның 531-і – онлайн форматта. Ал, 27 топтан құралған кезекші бастауыш сыныптарда 316 ұл-қыз оқиды.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай