МТРА жаңалықтары

Қоныс аударушыларға төленетін жәрдемақы көлемі 2 есеге көбейеді

Кеше елордада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіктен / солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға төленетін жәрдемақы көлемін / 2 есеге көбейтуді тапсырды.

Яғни, отбасы мүшелеріне берілетін субсидия 35 АЕК-тен, 70-ке дейін ұлғаймақ. Мемлекет басшысы Үкіметке бір айдың ішінде осы сұрақты жіті зерттеп, тиісті шешім қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, шара барысында көшу кезінде туындайтын мәселелерді жеңілдету жайлы да айтылды. Алдағы уақытта еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құрылуы мүмкін. Онда биліктен көрсетілетін қолдаудың барлық түрі рет-ретімен жазылмақ. Мұның нәтижесінде қоныс аударушылар порталға кіріп, қажет мәліметті электронды түрде жедел алатын болады. Айта кетейік, биыл облыс аумағына өзге аймақтардан 600-ге жуық отбасы көшіп келген. Оның жартысынан көбі, яғни 340-тан астамы күнгейден келіпті. Ал жыл соңына дейін жанұялардың санын 2 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев / Қызылжар өңірінде / қоныс аударушыларға арналып жақсы жағдайлар жасалып жатқандығын / ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Жақында мен жұмыс сапарымен СҚО-да болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған жаңа тұрғын-үйлер салынуда. Сонымен қатар, коммуналдық инфрақұрылым дамып, әр түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеруде.

 

Маржан Касымбек