Білім

Мониторингілік топ студенттік жатақханаларды аралады

Студенттік жатақханаларда қашықтықтан оқу үшін қаншалықты жағдай жасалған? Санитарлық талаптар сақтала ма? “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің өкілдері / жасотандықтармен бірге арнайы мониторинг жүргізді. Мамандар / Қозыбаев университетінің 2 бірдей жатақханасына бас сұғып, ондағы жағдаймен танысты.

Жұмыс жоспары таныстырылғаннан кейін мониторингілік топ бақылау шарасын бастады. Алғашқы нысан – Kozybayev университетінің №3 жатақханасы. Алдымен дәліз, асхана, кір жуатын орын тексерілді. Барлығы тап-таза. Мұнда қыз-жігіттер кесте бойынша келіп, тиісті ережелерді қатаң түрде сақтайды. Ал ережелердің сақталуын студенттер үйінің басшылығынан бөлек, Юлия Семёнычева есімді староста да қадағалап отырады екен.

Юлия Семёнычева – Kozybayev University студенті:

– Ас үйдің тәртібіне келетін болсақ, ол таңертең сағат 7-ден 9-ға дейін жұмыс істейді. Осы уақытта студенттер таңғы астарын дайындайды. Түскі уақытта мұнда сағат 12-ден 2-ге дейін, кешке 5-тен 10-ға дейін келуге болады. Ал кір жуатын орын күнде кешкі сағат 5-тен 10-ға дейін ашық.

Мұндағы студенттердің бөлмелері де көз қуантады. Жылы және қажетті заттың бәрі бар. Мысалы, төсек, орындық, үстелден бөлек, wi-fi роутері орнатылған. Оның көмегімен болашақс мамандар еш қиындықсыз сабақ оқи алады. Сондай-ақ, мұнда компьютерлермен жабдықталған бірнеше оқу залы жұмыс істейді. Айта кетейік, қазір жатақханада өзге өңірлерден және интернеті нашар ауылдардан келген 90-ға жуық жас тұрып жатыр. Солардың бірі – Зухра Серғали.

Зухра Серғали – Kozybayev University студенті:

– Жатақхананың 1-ші қабатында оқу залы бар. Сол жерге барып, сабақ оқимыз. Бүгінде онлайн оқуда ешқандай қиындық туып жатқан жоқ. Ал қазір ауылда болсақ, біз осылай оқи алмас едік.

Дәл осындай тексеріс университеттің №2 жатақханасында да өткізілді. Бұл жерде де олқылық табылмады. Негізі, қаламызда мұндай бақылау шарасы екінші рет ұйымдастырып отыр. Алғашқысы жылдың басында өтіпті. Сол кезде бірқатар жатақхана басшылығына ескерту жасалған екен.

Біржан Құдайбергенов – “Jas Otan” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Бірінші ретте колледж жатақханаларында санитарлық нормалардың сақталмайтыны анықталды. Нақтырақ айтсақ, өрт қауіпсіздігі қағидалары бойынша оқу орнының басшылығына ескерту жасалды. Алдағы уақытта олардың қаншалықты жойылғанын тексеретін боламыз.

Тексеріс мұнымен аяқталмайды. Мамандар бақылау шарасын қазанның 22-сі мен 29-ы аралағында қаланың өзге де жатақханаларында өткізуді жоспарлап отыр.

Бисенова Жанна