Ауыл шаруашылығыҚоғам

Мемлекет қолдауымен өз кәсібін ашқан

Қызылжар ауданында тұратын Фадиндер отбасы – ауылдастарына еңбекқорлығымен үлгі. Ерлі-зайыптылар мемлекет қолдауын пайдаланып мал шаруашылығын дамытуда. Бизнесін кеңейтіп, енді ауылда азық-түлік дүкенін ашпақшы.

Ирина Фадинаның жұмыс күні таңғы 5-тен басталады. Нәзікжанды алдымен сиырларын сауып, малды табынға қосады. Кейін дайын өнімдерін, яғни сүт, қаймақ, ірімшік пен майды бір сөмкеге салып, қалаға жөнелтеді. Әрі қарай шаруаны жолдасы Дмитрий Фадин тындырады. Ол табиғи таза тауарды тұрақты сатып алушыларының үйлеріне дейін жеткізіп береді.

Ирина Фадина – кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Мен ірі қараны асылдандыру үшін 2018 жылы “Бастау” жобасы арқылы бизнес негіздерін оқып алдым. Кейін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 1 млн 200 мың теңге көлемінде несие рәсімдедім. Бұл қаржыға 4 сауын сиыр сатып алдым. 2 жылдың ішінде мал басын 16-ға дейін жеткіздім. Ірі қараның санын 50-ден асырмақ ойым бар.

Ирина Фадинанның айтуынша кәсіп бастауға ең алдымен балалары себепші болған. 7 ұл-қыздың 5-уін асырап алған екен. Оларға аналық мейірімін төгіп, бауырына басып, туғанындай көреді. Балалары да өз кезегінде ата-анасына қолғанат.

Анастаси́я Ализкова – Ирина Фадинаның қызы, Қызылжар ауданы:

– Біз анамызға үй шаруасына көмектесеміз. Мысалы, бүгін аулада сенбілік өткіздік. Сондай-ақ, сіңлілеріммен бірге мына жылыжайға күтім жасаймыз. Мұнда қияр, пияз, аскөк пен шалғам өсіреміз.

Фадиндер жанұясы мал шаруашылығымен тоқтап қалмақ емес. Жуырда Дмитрий мен Ирина кондитерлік цех пен азық-түлік дүкенін ашпақшы. Осы мақсатта 3 жарым млн теңгеге арнайы нысан сатып алыпты. Кейін өздері жасаған табиғи таза өнімдерін сонда саудаламақ.

Ирина Фадина – кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Жолдасымызбен бірге кәсібімізді кеңейтпекшіміз. Мына нысанды қазір қалыпқа келтіріп жатырмыз. Бергі жағында – тәтті өнімдерді, ал арғы тұсында азық-түлік сатамыз. Осылайша 6 адамды жұмыспен қамтимыз. Жаңа бизнесіміз ауылдастарымызға да септігін тигізбек.

Айта кетейік, Фадиндер жанұясы “Бастау” жобасы аясында білім алса, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бизнес-идеяларын қаржыландырған. Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бастап Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы 556 жобаның жүзеге асырылуына тиісті қаржы бөлген. Берілген займ 2,2 млрд теңгені құрайды.

Абай Садыров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие менеджері:

– Ағымдағы жылдың басынан бастап “Еңбек” бағдарламасы шеңберінде 2,56 млрд теңге сомасына 603 жоба қабылданды. Оның ішінде 2,4 млрд теңгеге 591 жоба мақұлданды, ал 2,2 млрд-қа 556 жоба берілді. Қазір 127,5 млн теңге сомасына 12 жоба қаралуда.

Мамандардың айтуынша өңірде “Еңбек” бағдарламасы бойынша несие алуып, өз кәсібін ашуға ниетті жандардың қатары көбеюде.

Ешкенова Дана