Құқық қорғау органдары

Машина салонынан ақша ұрлағандар ұсталды

Петропавлдық тұрғынның көлігінен 200 мың теңге ақша мен банк карталарын ұрлап кеткен. Баукеспе ұсталды. 33 жастағы тараздық жігіт теріскейге жұмыс іздеп келген. Қазір оның басқа істерге қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Оқиға М.Жұмабаев көшесінде орналасқан аулалардың бірінде орын алды. Бәзбіреулер жол талғамайтын Лексустың қырындағы терезесін сындырып, салонда жатқан құнды дүниелерді қолды қылған. Ұрылар 200 мың теңгеден аса ақша болған барсетка мен банк карталарын, құжаттарды жымқырып кетіпті. Тәртіп сақшылары ең алдымен куәгерлерді іздестіріп, жақын маңдағы бейнекамера жазбаларын тексерген. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде полицейлер осы аймақтағы аулалардың бірінен қолына барсетка ұстап шығып келе жатқан екі ер адамды тоқтатады.

– Так, вы хотели выдать барсетку, черного цвета. Откуда она у вас появилась? Еще раз поясните.

 – С джипа украл, там…

– С какого джипа, когда это было?

– С черного…

– Где он находился?

– Там, возле двора… 

Құрықталған азамат осыған дейін де ұрлыққа барған 33 жастағы Тараз тұрғыны. Петропавлға жұмыс іздеп келген екен. Жігіттің жолдастарымен бірге жалдаған пәтерден тәртіп сақшылары қолды болған заттар мен ақшаның бір бөлігін тапқан.

Жеңісгүл Бейсембина – Петропавл қ. ПБ КПБ жедел уәкілі:

– Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оның осыған ұқсас өзге ұрлықтарға қатысы анықталып жатыр.

Тәртіп сақшылары көлік ішінде бағалы заттарды қалдырмау қажеттігін ескертеді. Және мүмкіндігінше темір тұлпарды бейнебақылау камерасының маңына қойған жөн.

Эльмира Садвокасова