Денсаулық сақтау

Өңірде сұранысқа ие дәрі-дәрмектің қоры тексерілді

Петропавлда  сұранысқа ие дәрі-дәрмектің қоры тексерілді. Мониторингілік топ өкілдері  “СК-Фармация” серіктестігінің жергілікті қоймасына арнайы барып, 44 препараттың бар-жоғын білді.

Жергілікті “МЕДСЕРВИС ПЛЮС” фармацевтикалық компаниясы 2 айға жететін дәрі-дәрмекпен толыққан. Бүгінде мұнда 44 аталымның 37-сі бар. Қалған 7-уі жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы “СК-Фармация”-ның қоймасынан жеткізілмек.
Сұранысқа ие перепараттар ең алдымен инфекциялық және провизорлық стационарларға таратылатын болады.

Роза Тлеспаева – «СК-Фармация» ЖШС СҚО бойынша менеджері:

– Бүгінде барлық ауруханаларға қажетті дәрі-дәрмектің 1 айлық қоры жеткізілді. Сондай-ақ, өңірде 9 инфекциялық стационар бар. Оларға да тиісті препараттар таратылды. Бізде амбулаторлық емдеуге арналған дәрілер де жеткілікті көлемде.

Амбулаторлық деңгейде емделуге арналған дәрі-дәрмек індеттің белгілері анықталғандарға тегін беріледі. Бұл препараттардың ішіне парацетамол, ибупрофен мен новиган кіреді.

Анар Жарова – ҚР  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі:

– Қоймада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Мұндағы мамандардың сөзінше қалған препараттар Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен қоймада сақтаулы. Қажеттілік туындап жатса, олар осында жеткізілетін болады.

Жалпы, «СК-Фармация» серіктестігі бүгінде өңірдегі 39 медициналық ұйымды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр.

Ешкенова Дана