Қоғам

Өңірде экскурсия жүргізушілерінің байқауы өтті

Солтүстік Қазақстан облысының киелі картасы. Осындай атаумен бүгін өңірімізде / музейлердің / экскурсия жүргізушілерінің байқауы өтті. Аталған іс-шара биыл 5-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен келген 13 маман қатысты.

Кеше облыстық байқаудың алғашқы кезеңі өтті. Абылай ханның резиденциясына жиналған тарих мамандары өздері жасаған бейнероликті көрсетті. Лаура Әмрина есімді жерлесіміз Қозыбаев университетінен келді. Биыл байқауға 1-ші рет қатысып отыр екен. Нәзікжанды кеше Ботай тұрағы жайлы баяндап, қазылардың оң бағасын алдым дейді.

Лаура Әмрина – Kozybayev University тарих музейінің маманы:

– Біздің музейде Ботай тұрағына байланысты бірнеше жәдігерлер бар еді. Соларды түсіріп және кезінде архивте қалған бейнероликтерден кесінді жасап дайындалдық.

Ал бүгін байқаудың ақтық кезеңі өткізілуде. Сайыстың шарты – билетте келген сұрақтар бойынша экскурсия жүргізу. Яғни тарихшылар қолдарына түскен тақырыпты 3 минуттың ішінде түсіндіріп шығулары керек. Байқаудың тағы бір қызық жері билетте сұрақпен қатар оны түсіндіру қажет аудитория да жазылады екен.

Жамбыл ауданынан келген Әлия апайға кішкентай бүлдіршіндер түсті. Тәжірибелі экскурсияшы өзіне жүктелген тапсырманы қазылар алдында мүдірмей орындап шықты.

Әлия Сәрсекова – Жамбыл аудандық С.Мұқанов атындағы музейінің меңгерушісі:

– Экскурсия жүргізушілері кез келген жағдайға дайын болуы қажет. Себебі, біз күн сайын әр түрлі адамдармен кездесеміз. Арасында үлкені де, кішісі де болады. Барлығына тарихи жәдігерлерді түсінікті қылып жеткізу керек. Байқауға осымен 5-ші рет қатысып отырмын. Маған жеңістен бұрын әріптестеріммен тәжірибе алмасу маңызды.

Облыста 5-ші мәрте ұйымдастырылып жатқан байқауға өңірімізден 13 жан қатысты. Бүгінгі сайыстан ешбір адам марапатсыз қайтпады. Гран-при иесіне – 40 мың, 1,2 және 3-ші орындарға 35, 30, 20 мың теңгеден табысталды. Ал қалған қатысушыларға түрлі дәрежедегі дипломдар беріліп, әрбіріне 5 мың теңгеден үлестірілді.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан