Құқық қорғау органдары

Биыл СҚО-да құжатсыз жүрген 237 адам анықталды

Қыркүйек айының 1-інен облыс аумағында мәртебесі реттелмеген азаматтарды анықтау бойынша  ауқымды акция жүріп жатыр. Көші-қон қызметінің өкілдері жеке басын куәландыратын құжаты немесе азаматтығы жоқ адамдарға куәлік алуға жәрдемдесуде.

Жеке басты куәландыратын құжат барлық есіктің кілті десек қателеспейтін шығармыз. Себебі, онсыз жұмысқа орналасып, зейнетақыға қол жеткізу, тіпті, ел ішінде жүріп-тұру да мүмкін емес. Қазіргі күні арамызда жеке куәліксіз жүрген азаматтар баршылық. Биыл облысымызда құжаты мен құқықтық мәртебесі жоқ 237 адам анықталған екен. Олардың 111-і бүгінге дейін туу туралы куәлікпен ғана жүрсе, 74 азамат құжатын Кеңес үкіметі кезінде алған. Қазіргі күні мамандар олардың жеке куәліктерін ресімдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз дейді.

Сабыржан Сейтжанов – ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қорықпай біздің көші-қон қызметінің мамандарына келе беріңіздер. Олар сіздерге көмектеседі. Сондай-ақ, айыппұлы бар азаматтар болса, олардың жағдайына қарап қарыздарын өтеуге көмектесеміз.

Қыркүйектің 1-нен бастау алған акция аясында көші-қон қызметінің мамандары 65 жерлесімізге көмек қолын созыпты. Олар азаматтарға көптен күткен құжаттарын алып бердік дейді. Айтуларынша адамның колында туу туралы куәлік болса жеткілікті. Ал егер ол да болмай шықса қайтпек?

Сабыржан Сейтжанов – ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы:

– 2 негізгі құжат болады. Ол перзентханадан алған құжат немесе оның жеке басы анықталғаны туралы соттың шешімі. Егер ол Қазақстан Республикасының азаматы болып шықса, оған 13-ші формадағы анықтаманы береміз. Кейін сонымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлігін алады.

Егер тұрғын Қазақстан Республикасының азаматы болып шықпаса оған «азаматтығы жоқ тұлға» деген куәлік беріледі. Кейін 5 жыл өткеннен соң сол адам Қазақстан азаматтығын алуға құжат тапсыра алады екен.

Бердімұрат Баймұқан