Аптадағы маңызды жаңалықтар

2021 жылы “Claas” неміс компаниясы комбайн жинау кіріседі

2021-дің орақ науқанында өңір диқандары СҚ-да шығарылған техниканы тізгіндемек. Келесі жылдың мамырынан бастап “Claas” неміс компаниясы комбайндарды жинауға кіріседі. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына кірген өндіріс ошағы жергілікті аграрийлерге тауарларын 50 пайыз жеңілдікпен саудаламақ. 7 айдан соң жұмысын Петропавл электротехникалық зауыты да бастайды. Кәсіпорында шығарылатын трансформаторлардың 95 пайызы жақын шетелге экспортталмақ.

Шатыр мен бағаналардан тұратын нысан және саз-батпақ. Бұл – болашақ «Claаs» компаниясының өткен жылдағы көрінісі. Қазір болса, учаске адам танымастай өзгеріп келеді. Тамыздан бері мұнда ондаған адам мен техника жұмыс істеп жүр. Шаруа жергілікті құрылыс компаниясына жүктелген. Ірі өндіріс ошағын іске қосу үшін ел бюджетінен 3 млрд теңге бағытталды.

Мұрат Харсиев – «Құрылыс Сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Құрылысты бастамас бұрын ғимарат сараптамадан өткізілді. Осыған дейін қолданыста болмағандықтан, жарамды деп танылды. Бірақ, қалыпқа келтіру оңай болған жоқ. Тек бағаналары мен төбесін қалдырдық. Шатырынан су ағатын, сондықтан, жабындысын 100 пайыз ауыстырдық. Қараша айының соңына дейін қабырғаларын көтеріп, терезелерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Неміс инвесторлары жұмыстың іске асырылуын онлайн тексеріп тұрады. Компания өкілдері жобаға жиі өзгеріс енгізеді. Барлық сұраныстарын қанағаттандыруға тырысудамыз.

Енгізілетін өзгерістер жобаның іске асырылуын сәл тежейді. Дегенмен, мердігерлер зауытты қолданысқа уақытында тапсырамыз деп отыр. Асыққандарымен жұмысты өте сапалы орындауда. Бір ғана мысал – нысанның іші. Мердігерлер бұл жерден 9 мың текше метрдей қоқыс пен топырақ шығарған. Оның орнына 4,5 мың тонна құм пен 1400 тонна қиыршық тас төсепті. Кейін 700 текше метр болатын бетоннан еденін құйған. Бұл соңы емес. Мамандар оны үш қабат қылып жасамақ.

Мұрат Харсиев – «Құрылыс Сервис СК» ЖШС құрылтайшысы:

– Зауытта ауыр техника шығарылатындықтан, неміс әріптестеріміз еденнің қалыңдығын 50 см қылып жасауды сұрады. Оның 35 см-і таза бетоннан құйылады. Біз тұрған нысанда комбайн жиналмақ. Аумақта орналасқан тағы екі ғимарат бар. Оларды кейінірек қалыпқа келтіреміз. Инвесторлар бірінде трактор құрастырып, енді бірін қойма ретінде пайдалануды жоспарлап отыр. Өндіріс ошағының құрылысын 2021-дің наурыз-сәуірінде аяқтаймыз.

Ал, мамырдан бастап «Claаs» компаниясы іске кіріседі. Яғни, өлкемізде ауыл шаруашылығы техникасын жинауды қолға алады. Осылайша, күзгі орақ науқанында аграрийлеріміз СҚ-да шығарылған сапалы комбайндарды тізгіндемек. Маңыздысы – диқандарымызға техника 50 пайыздық жеңілдікпен саудаланады. Неге десеңіз, арнайы экономикалық аймаққа кірген инвесторларға айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Бизнесмендер салық атаулының барлығынан босатылады. Яғни, кеден, жер, корпоративтік табыс салығы, тауардың құнына қосылған баж қалталы азаматтар үшін 0 пайыз болады. Инженерлік желілер мемлекет есебінен тартылып, шикізат пен дайын өнімді тасымалдау үшін темір жол өндіріс ошақтарына дейін созылады. Қолайлы жағдайлар Қазақстанның ірі трансформатор зауыты «Alageum electric»-ті де қызықтырмай қоймады.

Мақсат Үсенбаев – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС бас директоры:

– Жоспарға сәйкес, 300 адамды жұмыспен қамтимыз. Біздің трансформаторларға сұраныс жоғары. Дайын өнімнің 95 пайызын Ресейге экспорттаймыз. Жылына 13 млрд теңге болатын 12 мың дана трансформатор шығармақпыз.

Өндіріс ошағын іске қосуға 7,8 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған. Оның 3,6 млрд-ы кәсіпорынды қондырғылармен жабдықтауға бөлінбек. Петропавл электротехникалық зауыты бұрынғы МЛД-ның орнын басады. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Мамандар ең алдымен ғимараттың сыртын толық қалыпқа келтірмек. Шаруаны күн суытқанша аяқтап, қалған ішкі жұмыстарын қыс мезгілінде іске асыруды жоспарлап отыр.

Мақсат Үсенбаев – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС бас директоры:

– Ең қиыны – шатырды қалыпқа келтіру. Толық ауыстыруға тура келді. Бір айдың ішінде бітіріп, жанындағы жұмыстарын істеп жатырмыз.

Арнайы экономикалық аймаққа кіремін деген бизнесмендердің қатары күн санап артуда. Аумағы 160 гектар болатын үшінші субаймаққа бір емес, бірнеше инвестордың кәсіпорнын жайғастыру көзделіп отыр.

Нұрбек Қожахметов – «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймақ басқарушы компаниясы» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

– Төртінші субаймақта көпбейінді аурухана орналасады. Қазір емдеу мекемесінің қазығы қағылуда. Жақын арады бетон құюды бастайды. Шаруа жоспарға сай жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар нысан 2022 жылдың ортасында қолданысқа тапсырылады. Төртінші субаймақты кеңейтеміз. Қазақстандық «Orkendeu Qagaz» компаниясы арнайы экономикалық аймақ аясында жұмысын бастағылары келеді. Серіктестік жаңа технологияны меңгеріп, сабаннан қағаз, картон шығармақ. Әлеуеті жоғары жоба болғандықтан, кәсіпорынның тезірек іске қосылуына септесеміз.

Арнайы экономикалыққа кірген әрбір кәсіпорын жұмысын бастағанда 3 мың солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрекпен қамтылмақ. Жобаларға 160 млрд теңге инвестиция бағытталып, өлкемізде сұранысқа аса ие 1,6 трлн теңгенің өнімі шығарылады. «Qyzyljar»-дың алғашқы нәтижесін шамамен 7 айдан соң көруге болады.

 

Эльмира Садвокасова