Құқық қорғау органдары

Жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 9 айды қорытындылады

Биыл облыстық 8 басқарманың басшысы пара алып жатқан жерінен ұсталған. Заң бұзған лауазымды тұлғалар жазаланып, қызметінен босатылыпты. Өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің мамандары үстіміздегі жылдың 9 айын қорытындылады.

Жемқорлыққа қарсы өңірлік департаменті 9 айда 88 қылмыстың бетін ашқан. Оның 72% парақорлыққа қатысты. Заң бұзған 18 адам жазаланды. Оның 3-уі, тіпті, темір торға тоғытылыпты. Тағы бір мемлекеттік қызметшінің бас бостандығы шектелді дейді жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазин.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекеттік қаржыны жымқыруға қатысты 29 факті тіркелді. Заңбұзушылыққа жол берген 11 адамға айыппұл салынды. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 482,2 млн теңгені құрайды. Бүгінде қаражаттың 92% ел қазынасына қайтарылды.

Ернар Баянғазиннің айтуынша биыл жергілікті басқарма басшылары арасында пара алу фактілері жиі тіркелген. Мәселен, 9 айдың ішінде 8 мемлекеттік орган жетекшісі бармақ басты, көз қыстылыққа жол беріпті. Лауазымды тұлғалардың барлығы ісіне лайықты жазасын алып, креслосын босатқан. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мұндай фактілердің алдын алу мақсатында тексерісті күшейткен.

Жол сапасы да басты назарда. Мамандар өткен жылдан бері арнайы мониторингілік топпен бірге өңірде салынып жатқан жолдардың жағдайын бақылап жүр. Жыл басынан бері 15 учаскеде тексеріс жүргізген.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Нәтижесінде ондаған олқылықты анықтадық. Істі жүргізіп жатқан мердігерлер мен жергілікті әкімдікке ескерту жасалды. Алдағы уақытта тағы бір тексеру жүргізілетін болады. Егер бұған дейін айтылған ескерту еленбесе, заңға сәйкес шара қолданылады.

Мамандар “Сатып алудың бірыңғай терезесі” порталы арқылы мемлекеттік сатып алулардың өту барысын қадағалайды. Яғни, қойылған лоттың бағасының заңсыз өсірілуіне жол жоқ. Нәтижесінде биыл облыстық бюджеттің 1 млрд теңгесі үнемделген.

Маржан Қасымбек