COVID-19: Қазақстан

СҚО-да 88-ші жылғы келіншек коронавирустан көз жұмды

Соңғы аптада Қазақстанда коронавируспен сырқаттану деңгейі 1,2 есеге артқан. Тәулік сайын анықталатын науқастардың саны 100-ден түспей отыр. Ал Солтүстік Қазақстан облысы “жасыл зонаға” енгенімен, стационарларда емделіп жатқандар баршылық. Ал өткен аптада бір жерлесіміз “COVID-19”-дың құрбаны болды.

Саят Ермек – тілші:

– Елде коронавирус жұқтырғандардың саны төмен қарқынмен болса да артуда. Орта есеппен індет күніне 100-150 қазақстандықтан анықталады. Мәселен, соңғы 1 тәулікте инфекция 143 отандасымыздың бойынан табылған. 8-і – солтүстікқазақстандық азаматтар. Бұл мәліметті республикалық ведомствоаралық комиссия ұсынып отыр. Одан қалды, қазанның 12-сі мен 18-і аралағында елімізде 28 адам “COVID-19”-ды жеңе алмай, жан тапсырған. Біздің өңірде 88-ші жылғы 1 келіншек жазым болды.

Міне, вирустың жас пен жағдайды талғамайтынының тағы бір дәлелі. Ал жерлес дәрігерлер облыстағы тұтас ахуалды, әзірге, тұрақты деп бағалап отыр. Мәселен, Петропавлдағы инфекциялық стационарда жайылған 160 кереуеттің жартысы бос. Бүгінде мұнда 79 науқас ем алуда. 4-еуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Пандемияның “екінші толқынына” мекеме сақадай саймыз деп сендірді.

Ғалия Сыздықова – бірінші қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

– Біз науқастардың саны артады деп болжап отырмыз. Соңғы 1 аптаның өзінде өсім байқалады. Оларды қабылдауға дайынбыз. Төсек-орын саны жеткілікті. Біздің стационарға орташа және ауыр жағдайдағы пациенттер түседі.

Дәрігерлер сенімділік үшін мүмкіндік болса ПТР тестілеу жасатуға кеңес береді. Айта кетейік, Ұлттық сараптама орталығы оның құнын түсіріп, 8025 теңге етіп бекітті. Сондай-ақ, “COVID”-19-дың симптомдары өзге респираторлық вирустық инфекциялардың алғашқы белгілерімен ұқсас. Сондықтан, бойынан жоғары температура, дененің қалтырауы сынды белгілерді байқағандарға көпке созбай, оқшаулнған абзал.

Ғалия Сыздықова – бірінші қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

– ЖРВИ мен тұмаудан 5-6 күн ішінде айығып шығуға болады, ал коронавирус одан да ұзаққа созылады. Сондықтан, денсаулықтың күрт нашарлағанын сезген азаматтарға үйден шықпай, дәрігерлерді шақыртуы керек. Ал жұқтырудың алдын алмаққа қоғамдық орындарда бетперде тағып, қолғап киіп, қауіпсіз ара қашықтықты ұстану керек. Жиын-тойлардан да бас тартқан абзал.

Бұл ережелер бәрімізге жақсы таныс. Қарапайым қағидаларды ұстану эпидахуалдың ушығуына жол бермейді. Сандарды сөйлетсек, соңғы аптада еліміздің 12 аймағында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны артты. Өткен аптамен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 1,2 есеге өскен.

Айжан Есмағанбетова – ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы:

– Оқу жылы басталғалы 250 қазақстандық оқушы вирус жұқтырған. Олардың 105-і – кезекші сыныпта оқыған балалар. 6 қазаннан бері 73591 адам ел шекарасынан автомобиль пункттері арқылы өткен. Олардың 6 мыңға жуығы ПТР тест тапсырып, 122-сінен коронавирус анықталды. Сондықтан, шекара бекеттеріндегі санитарлық бақылауды күшетіп отырмыз. Ұшақпен елге 34 жарым мыңға жуық адам келді. Олардың 5925-і тексеріліп, 17 адамда КВИ анықталды. Сондықтан, халықаралық әуе рейстерінің саны қысқартылды.

Қазақстан аты жаман індеттің екінші толқынын үреймен тосып отырғанда, бірқатар әлем елдерін ол қазірдің өзінде әбігерге салуда. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ресейде қазанның 19-ы COVID-19-ды жұқтырудың 16 319 жағдайы тіркеліп, антирекорд орнады. Теріскейдегі көршіміз мектеп оқушыларын – демалысқа, ал кәсіпорын қызметкерлерінің басым бөлігін қашықтықтан жұмыс істеуге жіберген.

Саят Ермек – тілші:

– Ал Германиядағы алғашқы өңірде карантин жарияланды. Франция болса шектеулерді қатаңдатып, бірқатар аймақтарда коменданттық сағат енгізді. Енді 5-ші республикадағы 9 ірі өңірдің тұрғындарына кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін үйден шығуға болмайды. Соңғы бір тәулікте індет 10 871 адамнан табылған Италия да осындай шара қолданып отыр. Сондықтан, билік тұрғындардан қоғамдық орындарда маска тағып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға кеңес береді. Ал егер жағдай ушығып, Қазақстанда да науқастардың саны күрт артқан жағдайда жазғы локдаунның қайта оралуы ғажап емес. Бәрі бұқараның жауапкершілігіне байланысты.

Саят Ермек