Кешкі жаңалықтар

Президент Мәжіліс депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды

Бүгін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Дауыс беру рәсімі конституциялық мерзімге сәйкес 2021 жылдың 10-шы қаңтарында өтеді. Осы орайда мемлекет басшысы жаңа науқанның өту тәртібіне бірнеше жаңашылдықтар енгізді. Мәселен, енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депуттаттары арасынан сайланады және оппозиция сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу құқығына иеленді. Сонымен қатар, партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл – Парламентке және жергілікті органдарға жастар мен нәзікжандыларды тартудың тиімді жолы. Үшіншіден алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық. Мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың алдағы сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын. 

Бердимурат Баймухан