МТРА жаңалықтары

Өңір жетекшісі онлайн қоғамдық қабылдау өткізді

2 айдан кейін Петропавл әуежайы банкрот болып танылады. Пандемия салдарынан әлеуметтік маңызы бар нысан шығынға батып, қызметкерлері жалақысыз отыр. Бұл туралы мамандар қоғамдық қабылдауда айтты. Шараны аймақ басшысы Құмар Ақсақалов онлайн-форматта «Zoom» платформасында өткізді.

Татьяна Мороз – Жас өркендегі 18 қабатты үйде қоныс тойын тойлауды армандағандардың бірі. Баспана «7-20-25» бойынша қолданысқа тапсырылуы тиіс еді. Бірақ, әкімдік өкілдері шешімдерін өзгертіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасын таңдапты. Тұрғындардың наразылығын тудырған да осы. Әлеуметтік желілерде азаматтар «пәтерлер мемлекеттік қызметшілерге беріледі» деп жарыса жазуда. Бұл шындыққа жанаспайды. «Бақытты отбасы» жобасына тек жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала бағып отырған жанұялар қатыса алады. Аталған санаттағы жандар үшін бағдарлама – құтты қоныс иеленудің бірден бір мүмкіндігі.

Бүгінде 300-ге жуық көпбалалы және 3,5 мыңдай толық емес отбасы кезекте тұр. Жанұяларды барынша қолдау керек. 18 қабатты үй үшін қалалық әкімдіктің «Бақытты отбасы» бағдарламасын таңдағаны да сондықтан.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Менің ойымша, қалалық әкімдіктің әрекеті орынды. Бір шаршы метр үшін – 140 мың теңге. Бұл көпбалалы және толық емес отбасылардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. Аталған санаттағы жанұялар үшін де жағдай жасау қажет. Барлығы әділетті болуы тиіс. Пәтерлер мемлекеттік қызметшілерге берілмейді.

Баспана мәселесімен облыс әкіміне Азамат Тілеубергенов те жүгінуде. Азамат отбасымен бірге Жамбыл Жабаев көшесі, 44-тегі пәтерлердің бірінде қоныс тойын тойлады. Бірақ, проблемалар жанұяны айналып өтпеді. Көпқабатты үйге жарық әлі құрылысы бітпеген қосалқы электр станциясынан тартылған. Бұл – «Севимстальком» серіктестігіне тән олқылық.

Азамат Тілеубергенов, қала тұрғыны:

– Қосалқы электр станциясы қолданысқа қазанның бірі тапсырылуы тиіс еді. Кейін оны 30-ына дейін кейінге шегерді. Ол аздай, біздің баспананы жылумен қамту мәселесі де осы нысанға тіреліп отыр. Себебі, сорғы станциясы қуат көзін қосалқы электр станциясынан алуы тиіс екен.

Қысқасы, жарық болмаса, өзге де коммуникациялар болмайды. 290 пәтердің тұрғындары енді жауапты серіктестікке қарап отыр.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Өкінішке қарай, компания өз шаруаларына жауапкершілікпен қарамайды. Соңғы рет сөйлесіп едік, 2020 жылдың 1-ші желтоқсанында станцияны қосатындықтарын айтты. Әзірге, энергетиктермен келісімге отырып, баспананы уақытша жарықпен қамтыдық.

Коммерциялық үйді 5 бірдей компания бірігіп тұрғызыпты. Олардың 3-еуіне тұрғындардың тағар міні бар. Жертөле мен подъезді құрылысшылар сапасыз жасаған. Баспананың кепіл мерзімі бар, яғни проблеманы бірден серіктестіктермен шешуге болады. Мердігерлердің шаруасын тексеруді аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсырды. Қоғамдық қабылдауға инфрақұрылымға қатысты мәселемен кәсіпкер Екпін Әбиев жүгінген. Ол Жамбыл ауданында трасса бойына дәмхана салыпты. Келесі жылы мейманхана, шиномонтаж бен автожуу бекетін тұрғызбақ. Бірақ, нысандарға апаратын жол жоқ. Мәселені аудан әкімдігіне жеткізіпті. Жергілікті билік өкілдері көмектесуге дайын. Бірақ, бір гәп бар.

Марат Ескендіров, Жамбыл ауданының әкімі:

– Бұл сыбайлас жемқорлық заңына қарама-қайшы. Егер асфальтты тек осы кәсіпкердің нысандарына апаратын жолға төсесек, оны басқаларынан жоғары қойғанымыз. Сондықтан, қазір өзге де бизнесмендерді тартып жатырмыз. Мәселенің шешілуі ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ, заң жүзінде барлығы дұрыс болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өзіңіз бақылауға алып, бизнесмендерге көмек көрсетіңіз. Жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге кедергі келтірмеу керек.

Қажы-Мұрат Зарипов әкіммен байланысқа ат спортынсүйер қауым атынан шығыпты. Азамат ипподромның тағдырына алаңдаулы. Пандемия кезінде нысан мен оның айналасы ұмыт қалған көрінеді. Аббаттандыру шараларын жүргізіп, қалыпқа келтіру қажет дейді. Тағы болашақ атбегілердің оқуына қатысты ойын білдірді.

Қажы-Мұрат Зарипов, Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ипподром базасында ат спортының түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп бар. 2018-де ол жеке меншік қолға өтіп кетті. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Білім ошағы мемлекет балансында болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келесі жылы мектепті мемлекет балансына қайтарамыз. Білім ошағына қатысты жоспарларым көп. Секциялардың санын арттырып, ат спортына қызығатын балалардың да көбірек болғанын қалаймын. Дене шынықтыру саласына қаражатты аямай жұмсау керек.

Пандемия ипподром үшін ғана емес, Петропавл халықаралық әуежайы үшін де бірқатар қиындық туғызды. Рейстердің барлығы тоқтағанда нысан шығынға қарамастан, жұмысын жалғастырды. Қарыздары күннен күнге артуда. Қызметкерлерге компания 24 млн теңге көлемінде жалақы берулері тиіс. Ең бірінші кезекте, дәлірек айтқанда қарашаның 10-ына дейін осы проблема шешілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Екі айдан соң біз банкроттық бойынша процедураны өтеміз. Кейін әуежай «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансына өтеді. Бұл – облыстық әкімдіктің бөлімшесі. Келесі жылғы қазынадан нысанның жұмысын жалғастыруға ақша қарастырып қойдық. Барлық шығын жергілікті бюджет есебінен өтелетін болады.

Бұрынғы рейстерден бөлек, жаңа бағыттар да қолға алынбақ. Әрине, эпидахуал түзелген соң. Бастысы – мамандардың ешбірі жұмысынан айырылмайды, жалақылары да қысқармайды. Керісінше қызметкерлердің айлығы біршама өспек.

Эльмира Сәдуақасова