Спорт

Биыл өңірде 12 спорттық нысан жөндеу көрді

Биыл өңірде 440 млн теңге бағытталып, 12 спорттық нысан жөндеу көрді. Қыруар қаржы “Еңбек” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” мемлекеттік бағдарламалары аясында бөлінген. “Қарасай” стадионы, “Дельфин” спорт мектебі мен Борки кентіндегі шаңғы базасында  қандай жұмыс атқарылды, не өзгерді? Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов арнайы барып таныст.

Бұл – “Қарасай” стадионындағы роликпен сырғанауға арналған жолақ. Мұнда жөндеу жұмыстары соңғы рет 15 жыл бұрын жүргізіліпті. Спорттық алаң биыл жаңартылды. 2 мың шаршы метр жерге асфальт пен орталық бөлікке жасанды жасыл жабынды төселген. Енді жас спортшылар биатлон, шаңғы және коньки тебу спортымен жылдың кез келген мезгілінде шұғылдана алады.

Владимир Щербаков – Қ.Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ директоры:

– Карантин жөндеу жұмыстарына әжептәуір кедергі келтірді. Дегенмен, шаруа уақытында аяқталды. Алаң халықаралық стандарттарға сай әзірленген. Бүгінде мұнда 100-ден аса бала коньки тебу спортымен айналысуда. Жасөспірімдер алдағы уақытта өтетін сайыстарға дайындықтарын пысықтап жатыр.

Биыл Қазбек Байболов атындағы спорт мектебіндегі акробатика залы да қалыпқа келтіріліпті. Нысан 2007 жылдан бастап өзгеріссіз тұрған екен. Жаттығу жұмыстарының сапасын арттыру үшін мұнда жағдай жасалып, материалдық-техникалық база жаңартылды.

Ринат Белогонов – спорттық акробатикадан облыстық МБЖСМ директоры:

– Акробатикалық жолақты сатып алуға 8 млн теңге жұмсалды. Қазір зал толықтай заманауи дүниелермен жабдықталған. Өзге елдерде өткізілетін чемпионаттарда дәл осындай спорттық заттар қолданылады. Бүгінде мұнда 200-ден аса адам жаттығады.

“Қарасай” стадионының қасында орналасқан “Дельфин” спорт мектебі де назарсыз қалған жоқ. 14 жыл бойы жөндеу көрмеген ғимараттың жағдайы былтыр қолға алынды. Нысанның қасбеті өзгертіліп, ал биыл ішкі құрылыс жұмыстарына басымдық берілген. Жуынатын бөлмелердің едені жылытылып, жаңадан душ кабиналары орнатылыпты. Бастысы, бассейндегі судың таза болуына жауап беретін ескірген құрылғылар ауыстырылған.

Серік Какимов – “Дельфин” БЖСМ директоры:

– Нысанның материалдық-техникалық базасын жаңартуға 30 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қазір мектепте спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Бүгінде 400-ден аса адам келіп жүр. Айта кеткен жөн, мүмкіндігі шектеулі жандар бізде тегін шынығады. Мектепте 2 бассейнен бөлек, спорт залдары да бар.

Борки кентіндегі шаңғы базасы да жаңартылды. Тақтайдай тегіс асфальт төселіп, жолақтың ені 2 метрге ұлғайтылыпты. Бұл – спортшылардың емін-еркін шынығуына мүмкіндік бермек. Нысан аумағында роликті шаңғы, велосипед, скейтборд тебуге болады. Ал қыста жергілікті ағайын осында келіп, қалаған спортымен айналысады екен.

Бауыржан Құлжанов – Петропавл қаласының құрметті азаматы:

–  Бүгін базада орналасқан саябақта жергілікті халық келіп, серуендейді. Одан бөлек, балалар мұнда бірқатар спорт түрімен айналысады. Мысалы, мен жақында Параалимпиадалық спортты меңгере бастадым. Бұл ретте достарыммен бірге мұнда келіп, жаттығамыз.

Биыл өңірде 12 спорт нысаны жөндеу көрді. Бұл мақсатқа “Еңбек” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламалары аясында 440 млн теңге жұмсалған. Қаражат былтырғыға қарағанда 2 есеге көп.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жалпы, бұл көмек үшін мемлекетке рахмет айту керек. Жұмыстың бәрі де қарапайым халықтың спортпен шұғылдануы үшін жасалынды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спорттың дамуына ерекше мән берді. Мәселен, қазір облыс бойынша халықтың 30%-ы ғана бұқаралық спортпен айналысады. Оны 50%-ға дейін жеткізу керек.

Айта кететін тағы бір маңызды жайт, облыста 6 бірдей дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынып жатыр. Бұл кәсіби ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да ықпал етпек.

Бисенова Жанна