БілімБалалар

Қызылжарлық оқушы қыз Абайдың 80 өлеңін жатқа біледі

Қызылжарлық оқушы Бибәтима Мұханжарова Абайдың 80 өлеңін жатқа біледі. Ұлы ақынның шығармашылығына ерекше қызығушылық танытқан жас талант – қалалық, облыстық Абай оқуларының жүлдегері.

Бибәтима Мұханжарова Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 9-сыныбында оқиды. Бойжеткен ұлы ақынның мұрасын насихаттауға айрықша мән береді. Мәселен, ол Абайдың өлеңдерін 5-ші сыныптан-ақ бастап жаттаған. Бүгінде 80 өлеңін кідірмей айтып бере алады. Абай Құнанбайұлының өлеңдері адамға терең ой салады, бағыт-бағдар береді,- дейді оқушы.

Бибәтима Мұханжарова – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы:

– Ең біріншіден, Абайдың өлеңдері терең мағыналы және ешқашан өшпейді. Өлең өте әсерлі болса, мен оны бір күнде жаттап аламын. Күніне 2 өлеңнен жаттаймын.

Бұл – бойжеткеннің сүйіп оқитын өлеңдерінің бірі. Ізденімпаз оқушы қолы қалт етсе, өлең жаттап, кітап оқиды екен. Оның мұндай зеректігін аңғарған ұстазы Нұргүл Бүркітқызының айтары да бар.

Нұргүл Бүркітқызы – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Оның өлең жаттауға деген қабілетін бастауыш сыныптан бастап байқадық. Орта буынға келген кезде осы оқушымен жұмыс жасауды бастадым. Дайындық барысында жеңіл өлеңдерден бастаймыз. Маңызды өлеңдерді таңдап, жаттап, дайындаламыз.

Ұлы ақынның өлеңдеріне құмартқан ару қалалық, облыстық Абай оқуларының жүлдегері атанған.
Мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта Бибәтима білімін одан әрі арттырып, Абайдың “Ескендір” атты поэмасын толығымен жаттап алуды жоспарлап отыр.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай