Қоғам

Тұтынушыларға құқықтары түсіндірілді

“Тауарды қабылдамады, ақшамды қайтармады” деп облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне / қаңтардан бері жүздеген жерлесіміз шағым түсірген. Олардың басым көпшілігі “WildBerries” интернет-дүкенінің жауапсыздығына наразы.

Қала тұрғыны әпкесіне сыйлық ретінде электронды сағат сатып алыпты. Тек тарту иесіне құрылғының түсі ұнамай қалған соң, ол өнімді қайтармаққа дүкенге келген екен. Бірақ, өтініші назарсыз қалған. Неге? Сұрақты жерлесіміз брифингіде қойды. Мамандардың сөзінше, тұтынушының тауарды өткізіп, ақшасын қайтарып алуға толық құқығы бар.

Ләзім Мияшева – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жетекшісі:

– Егер сағатыңыз зақымданбаған, жарамды күйде болса, оны 14 күннің ішінде қайтара аласыз. Бастысы, ол қолданыста болмауы тиіс. Сонымен қатар, тауардың барлық құжаттары мен түбіртегін көрсету керек.

Ал зауыттан жарамсыз шыққан тауарды сатып алған тұлға өнімді қаптамасында көрсетілген кепілді мерзім ішінде қайтара алады. Өйтпесе, мәселені тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жүгіну арқылы шешуге болады. Бірақ, шыдамдылық таныту керек, себебі үрдіс көп дегенде 2 жылға созылуы мүмкін. Айта кетейік, бұл ведомствоға шағымданған солтүстікқазақстандықтардың дені наразылықтарын “WildBerries” интернет-дүкеніне қатысты білдіреді екен. Мәселен, жерлес азаматша дәл осы сайттан киімге тапсырыс берген. Киіп көргенде, өлшемі сай келмей қалса керек. Нәзікжанды затты осыдан 3 апта бұрын тапсырған. Алайда, ақша әлі күнге дейін қайтарылмапты.

Ләзім Мияшева – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жетекшісі:

– Интернет-дүкенге түскен шағымдар – жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің жіті бақылауында. Тұрғындар WildBerries интернет-дүкені бойынша туындаған мәселелерді электрондық үкімет порталы немесе телеграм-бот арқылы өтініш жазып, шеше алады. Одан бөлек, дүкеннің бас кеңсесіне хабарласуға да болады. Бұл ретте біз Алматы қаласындағы жауапты департаментпен байланысқа шығып отырамыз.

Жалпы, жыл басынан бері өңірлік тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне бұқара тарапынан 132 шағым келіп түскен.

 

 

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна