Спорт

Шайбалы хоккейден ел чемпионаты басталды

Спорт жаңалығымен бөлісейік! Қазақстанда шайбалы хоккейден ел чемпионаты басталды. Еске сала кетейік, карантинге байланысты біріншіліктің басталу уақыты бір айға кейінге шегерілген болатын. Дүйсенбі күні алғашқы 5 ойын ұйымдастырылды. Алайда, тартысқа толы матчтар жанкүйерлердің қатысуынсыз өтті.

Кеше жергілікті “Құлагер” командасы өз айдындарында “Ақтөбе” құрамасын қабылдады. Кездесуге қысқаша шолу жасайық. Есепті 12-ші минутта қарсыластар ашты. Көп ұзамай солтүстікқазақстандықтар таразы басын теңестірді. Шайба авторы – шабуылшы Максим Первухин. Айдын иелерінің қуанышы көпке созылмады. Екінші кезеңде батыстықтар тағы алға шықты. Дегенмен, соңғы периодта таблодағы сандар теңесті. Жерлесіміз Евгений Попитич көзге түсіп, есепті 2 де 2 қылды. Сөйтіп, қос тарап овертаймда күш сынасты. Жеңімпаз бұл сында да анықталған жоқ. Ал ақтық буллиттер сериясында “Құлагер” / “Ақтөбеден” 2 де 3 есебімен ұтылып қалды. Қос команда арасындағы келесі ойын сейсенбі күні сағат 17:00-де басталады.

 

Бисенова Жанна