Бизнес және экономика

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған нәзікжанды

Сүйікті ісін кәсіпке айналдырған нәзікжанды. 58 жастағы оқытушы бизнеспен айналысуды қолға алды. Петропавл қаласының тұрғыны биыл тамыз айында 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, оған жылыжай сатып алған. Енді қысы-жазы көкөніс екпекші.

Елена Низинг 58 жаста. Жерлесіміз ұзақ жылдан бері жергілікті оқу орындарының бірінде оқытушы болып қызмет етеді. Жұмыстан бөлек нәзікжанды бос уақытын қаладан шеткері орналасқан саяжайда өткізгенді ұнатады. Көкөністің түр-түрін егіп, оларды күтіп-баптайды. Бүгінде тәжірибелі ұстаз бау-бақша өсірудің хас шеберіне айналған. Әттең қар түсе салысымен қол байланады дейді қала тұрғыны. Ол сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, қысы-жазы табыс көрудің амалын тапқан.

Елена Низинг – кәсіпкер:

– Мен биыл «Бастау» жобасы аясында оқудан өтіп, кәсіп жүргізудің қыр-сырын меңгердім. Оқыту кезінде мамандарға өзімнің бизнес-идеямды ұсынып, мемлекеттік грантқа ие болдым. Маған 530 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаражат берілді. Қолға тиген ақшаға 2 жылыжай мен 2 «парник» сатып алдым.

Мұнда сарымсақ, аскөк пен қыша отырғызылған. Жылыжайда көкөніс егуді алғаш қолға алып отырған соң аздан бастадым дейді жерлесіміз. Айта кетейік, арнайы орын поликарбонат материалынан жасалған. Ол суық пен ыстыққа төзімді келеді және ұзақ жыл қызмет ете алады екен.

Елена Низинг – кәсіпкер:

– Жылыжайдың ең бір жақсы жері мұнда көкөніс өсіру процесі автоматтандырылған. Мәселен, арнайы орындағы терезелер өздігінен ашылып, жабылады. Осылайша қоршауда бірқалыпты температура сақталып, іші ұдайы желдетіліп отырады. Бұл жемістің бітік шығуына септеседі.

Алған өнімді алдағы уақытта қаладағы дәмханалар мен дүкендерге сатпақшы. “Еңбек еткеннің еңсесі биік” демекші жеке кәсібін бастап, оны әрі қарай дамытып жатқан солтүстікқазақстандықтар көп. Биыл облысымызда сондай 160 жан мелекеттік қолдауға ие болған. Осылайша жерлестеріміз төмендетілген пайызбен несие алып, өз істерін өрге домалатуда.

Әсел Самаратова – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– 2020 жылы өңірімізде 938 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. Олардың 146-сы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 442 млн теңгенің төмендетілген несиесін алды, тағы 14 жобаға аграрлық несие корпорациясынан 42,5 млн теңгеге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, биыл «Бастау» жобасының 4 легі өткізілді. Біз бизнес ашқысы келген адамдарды онлайн режимде оқытып, оларға бағыт-бағдар бердік.

Биыл мамандар 1424 адамға 200 АЕК көлемінде грант табыстамақшы. Бүгінде жобалардың жартысына жуығы мақұлданған.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан