Құрылыс

Петропавлда жыл соңына дейін 280 жер үй сүріледі

Петропавл қаласында / 2016 жылдан бері 1 мыңға жуық жер үй сүрілді. Биылғы меже – 600. Бүгінде шаруаның 50 пайызы атқарылған. Баспана иелеріне қалалық әкімдік қаржылай өтемақы немесе пәтер кілтін табыстаған. Ал қала келбетінің көркін қашырып тұрған нысандарды бұзып, орнына көпқабатты үйлер мен әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды тұрғызуда.

Галина Фомина Жас өркендегі мына үйінде 17 жыл тұрған. Баспана жанына жақын, ыстық болса да одан көшуге асық. 1958-де тұрғызылған нысанның жағдайы уақыт өткен сайын нашарлауда. Қыста суық болмасын деп жылда азын-аулақ жөндеу жұмыстарын жүргізеді екен. Десе де, бүгінде іргетасы жерге кіріп, шатыры мен қабырғалары шіруге жақын қалыпты.

Галина Фомина – қала тұрғыны:

– Үйдің екі қожайыны бар. Бірі – мен, екіншісі – қызым. Оның күйеуі және 3 баласы бар. Әрине, екі отбасы болғасын, екі бөлек баспана қалаймыз. Бірақ, бізге тек бір пәтер беріледі. Соған да қанағат. Барлығымыз бірге тұратындай кең болса дейміз. Қазіргі үйімнің аумағы 51,1 шаршы метрді құрайды. Бұған 3 бөлмелі пәтер келеді деген үміттемін.

Галина Фомина мен оның көршілерінің үйін әкімдік өкілдері 7 млн теңгеге бағалаған. Бұл ретте арнайы құрылған жұмыс тобы нысанның тұрғызылу уақытын, аумағын, соңғы рет жасалған жөндеуін мен орналасқан жерін ескереді екен. Жас өркеннің тұрғыны Наталья Елисееваға қомақты қаражат керек емес. Жалғызбасты нәзік жанды көпқабатты үйден бір пәтер берсе дейді. Себебі, қыста пеш жағып, жыл он екі ай су тасу қиындық тудырады.

Наталья Елисеева – қала тұрғыны:

– Екі-үш апта бұрын әкімдікке шақыртты. Жақын арада үйлеріңіз сүріледі, сондықтан қысқа отын мен көмір алудың қажеті жоқ деді. Баспанның аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Көлемі бойынша дәл осындай пәтер берілмек. Шаруаның басталуын асыға күтіп отырмыз. Жылуы, жарығы мен ыстық, суық суы бар үйде тұрған рахат қой.

Жас өркендегі Әуезов көшесінің бір бөлігі сүрілген. Қазір учаскелердің тас-талқаны шығып жатыр. Дәл осындай жұмыс қаламыздағы тағы 4 ықшам ауданда жүргізілуде. Атап айтсақ, Уәлиханов, Жұмабаев, Брусиловский көшелері мен Берекедегі жер үйлер бұзылып, орнына көпқабатты баспаналар және аурухана, мектеп, спорт нысандары сынды әлеуметтік маңызы бар ғимараттар тұрғызылуда. Ағымдағы жылы шаһар бойынша 320 учаске сүріліпті.

Владислав Лукин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес тағы 280 жер үй сүріледі. Қалалық әкімдік жанынан құрылған жұмыс тобының өкілдері қожайындарымен кездесті. Азаматтардың дені өтемақы емес, пәтер сұрап жатыр. Қазір оларға арнап 1970 жылдан бері қарай тұрғызылған баспаналарды іздестірудеміз. Үйлердің жағдайын байқап, жөндеудің соңғы рет қашан жасалғанын тексереміз.

Өтемақы ретінде ұсынылатын пәтерлер қазір қайталама нарықтан беріліп жатыр. Бірақ, алдағы уақытта коммерциялық мақсатта салынған жаңа баспаналардан да таңдауға мүмкіндік болмақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен реновация жобасы «Нұрлы жерге» енгізілді. Яғни, жеке құрылыс компаниялары да бағдарламаға қатыса алады.

 

 

 

Эльмира Садвокасова