Құқық қорғау органдары

Петропавлда жыл басынан бері 13 адам ата-ана құқығынан айырылды

Петропавлда жыл басынан бері 13 адам ата-ана құқығынан айырылды.
Өкінішке қарай, бұл тізім жуырда тағы біреуімен толығуы мүмкін. Қазір полицейлер бала-шағасының барын ұмытқан, ішімдікке салынған 33 жастағы келіншекке қатысты іс қағаздарын әзірлеп жатыр.

Нәзікжанды балаларына да, үйіне де мүлдем қарамайтын сыңайлы. Тұрғын жайдың іші көптен жиналмапты. Аяқ басатын жер жоқ. Оның үстіне, астан-кестені шығып жатқан баспанада адамдармен бірге ит те тұрады. Бір сөзбен айтқанда – антисанитария. Жарты жыл бұрын полиция қызмекерлері жауапсыз анаға жағдайды түзетуге мүмкіндік беріпті. Бірақ, оған құлақ аспай, ішімдік ішуді жалғастыра берген. Ал 7 айлық сәбиін 12 жасар ұлы баққан. Айта кетейік, бұған дейін азаматша ата-ана міндеттерін орындамағаны және басқа да құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал бұл жолы қыдырымпаз әйелге қатысты кәмелетке толмаған балаларды тастап кету туралы акт жасалды. Ұлдар болса ауруханаға жатқызылды.

Айгүл Кәрімова – қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік инспекторы:

– Әйел адамға қатысты жиналған бүкіл материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясында қаралды. Қазіргі уақытта әйел адамға қатысты бүкіл материалдар жиналып, ата-ана құқығынан айыру үшін сотқа жолдануда.

Петропавлда жыл басынан бері 13 адам ата-ана құқығынан айырылған.

 

 

 

 

Ешкенова Дана