Қоғам

“Otau Fest” онлайн фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Республикалық “Otau Fest” онлайн фестивалінің жеңімпаздары анықталды. Байқауға аққайыңдар өлкесінен 23 / жас отбасы қатысқан болатын. Олар сайыс ережесі бойынша / өздері жайлы бейнеролик әзірлеп, ұйымдастырушыларға жолдапты. Нәтижесінде солтүстікқазақстандық 3 жанұя / жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Сәбитовтар жанұясы байқауға тыңғылықты дайындалыпты. Конкурстың ережесі бойынша 1 минуттық бейнематериал әзірлеген екен. Шағын роликте 5 жыл бұрын шаңырақ көтерген ерлі-зайыптының күнделікті өмірі, жеткен жетістіктері, кішкентай қызы мен туған-туыстарының фотосуреттері көрсетілген. Қоғамдық іс-шараларға белсенді ат салысатын жанұяның таныстыру жұмысы жоғары бағаланды. Сәлімхан Сәбитовтің отбасы байқаудың жеңімпазы атанып, 100 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Сәлімхан Сәбитов:

– Бейнематериал дайындау мүлдем қиын болған жоқ. Себебі, біз қоғамдағы іс-шараларға белсене қатысамыз. Көрсететін жетістіктеріміз көп. Жарымның мамандығы – педагогика-психология, өзім журналистика саласында оқығаннан кейін, қала аралап, іс-шараларға қатысып тұрамыз.

Республикалық “Otau Fest” жас отбасылар байқауында Сәбитовтардан бөлек, тағы 2 жанұяның жолы болды. Оларға да 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Жалпы, байқау “Zoom” желісі арқылы жасы 29-ға толмаған отбасы мүшелері арасында ұйымдастырылған. Сайыс барысында отандастарымыз бейнематериал жолдап қана қоймай, танымал блогерлермен тілдесті, семинарларға қатысты, эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.

Күлімкөз Смаилова – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:

– Өте қызықты және әрбір отбасыға пайдалы оқыту да, тәжірибе алмасу да болды. Нәтижесінде жеңімпаздар марапаттарға ие болды. Бұл әр жас отбасы үшін қуаныш деп ойлаймын.

Айта кетейік, жас отбасылар жеңіп алған сертификаттардың көмегімен қаладағы ірі сауда орнынан тұрмыстық-техникалық тауар сатып ала алады.

Казиканова Алтынай