Петропавлдықтар азық-түлік қымбат дейді. Сөздерінше, бір ғана қанттың келісі дүкен сөрелерінде 280 теңгеден тұр. Ал өңір шенеуніктері халыққа / күнделікті тұтынатын тауарларын / тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінен алуға кеңес береді. Арзан көкөніс пен бакалея өнімдері / шаһар базарларындағы арнайы павильондар мен супермаркеттерде саудаланады.
“Баға қалай?” деп кімнен сұрамасақ та “қымбат” деп жауап қатады жұрт. Десе де, ең қажетті деген азық-түлікті арзанға табуға болады. Шаһардағы 6 базарда өңірлік тұрақтандыру қорының нүктелері бар. Жуырда әлеуметтік маңызы бар тауарлар “Алтын арман”-да да сатыла бастады. Марина Чепуштанова бұл жерден бірінші рет сауда жасап отыр. Сөзінше, баға үй маңындағы дүкендегіден әлдеқайда төмен.
Марина Чепуштанова – қала тұрғыны:
– Бір келі қантты 215 теңгеге алдым, ал дүкендерде 280 тұрады. Бақандай 65 теңгеге арзан. Шыны керек, мұндай сауда нүктелерінің бар екенін білмедім, жуырда бір танысым айтты.
Дастарханнан түспейтін картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз бен қызылша көкөністері мұнда бір бағамен саудаланады. Келісі – 80 теңге.
– Ал жармалардан, қарақұмықты – 270, күрішті 280-нен алуға болады. Сұйық майдың литрін – 420-дан, ал ұнның келісін 248-ден табасыз. Бір келі макарон – 200, ал рожки 180 теңге тұрады.
Баға неге сонша төмен? Өйткені, тұрақтандыру қоры – алып-сатар емес, яки оның басты мақсаты – пайда табу емес, әлеуметтік маңызы бар 19 азық түрінің құнын ұстап тұру. Яғни, қор өндірушіден сатып алған тауардың үстіне әрі кетсе 15-20 теңге қосады. Сапасы да сын көтерерлік.
Медет Оспанов – облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Азық-түліктің басым бөлігі жергілікті, ал сырттан келетіні – күнбағыс майы, қант, күріш. Сәбізді де оңтүстік өңірлерден әкелеміз. Қырыққабат, сәбіз, картоптың бәрі осы жерден.
Жергілікті билік жұмыртқа мәселесін де шештік деп сендіріп отыр. Құс тұмауы салдарынан Бескөл мен Якорьдағы фабрикалар карантинге жабылып, баға шарықтап кеткен еді. Ал бүгінде жұмыртқа тұрақтандыру қорына Тайынша ауданынан 10 данасы 280 теңгеден жеткізіліп жатыр. Бұқараға 300-ден өткізіледі. Әзір бұдан арзан болмайды дейді Оспанов мырза.
Медет Оспанов – облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Жазғы уақытта жұмыртқаның бағасы 200-213 теңгеге дейін түседі, ал қыста құс фабрикалары қымбатқа азық алады, шығындары көбейеді. Соған байланысты баға көтеріліп отыр. 280-300 болып тұр. Бүгінде бұл өте жақсы баға ол көтерілмейді. Меморандум жасалды.
Саят Ермек – тілші:
– Тұрақтандыру қорының тауарларын табу үшін, базарларға ағылып, арнайы нүктелерді іздеудің қажеті жоқ, өйкені бағасы арзан көкеніс, жарма, сұйық май, жұмыртқа сынды тауарлар қаладағы 22 супермаркетте бар. Мәселен сәбіз – 80, қызылша да 80 теңгеден, ал картоптың екі түрі бар. Біреуі 112 теңге тұрады, бірақ бұл супермаркеттің өзінің белгілеген бағасы, ал жанында тұрақтандыру қорының картобы келісі үшін 80 теңгеден тұр. Әркім өзінің қалтасына қарай таңдау жасайды.
Шенділер айтады, қыста күнделікті тұтынатын тауарлар қымбаттайды деп қорқудың қажеті жоқ. Тұрақтандыру қоры қауырт маусымға қамданып қойған. Мәселен, қазір қор қоймаларында сәбіздің 200 тоннасы, сонша қырыққабат пен 1 мың тонна картоп сақтаулы тұр. Бакалея да қажетті көлемде бар көрінеді. Олар халыққа төмен бағамен өткізіліп отыратын болады.
Саят Ермек