Тұлға

Белгілі жазушы, журналист Жақсыбай Самрат 60 жасқа толды

Жазушы, журналист Жақсыбай Самрат 60 жасқа толды. Саналы ғұмырын қалам тербеуге арнаған жерлесіміздің 12 кітабы бар.Бүгін облыстық кітапханада қарымды қаламгердің шығармалары мен өмір жолына арналған мерейтойлық жиын өткізілді.

Жақсыбай Самрат Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында дүниеге келген. Бала кезінен бастап қағаз бен қаламды жанына серік етіпті. Дегенмен, ер жетіп, жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң өзге салалардың тұтқасын ұстаған. 93 жылы өмірін журналистикамен байланыстырады.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

– Жақсыбай Самрат ҚазМУ-де және ҚарМУ-де, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де экономист және филолог мамандығы бойынша білім алған. 93-тен журналистикаға түпкілікті ауысып, облыстық телерадио компаниясында қазақ бөлімінің редакторы жұмысын атқарды. Көптеген хабарлар даярлады.

“Бітеу жара”, “Өзгеленді бұл ғалам”, “Тауағаш деген ел едік”, “Күзде гүлдеген алмалар”. Бүгінде жерлесіміздің қаламынан туған 12 кітабы бар. Мың жыл жасайтын туындылардың басым бөлігі туған жер мен патриотизм тақырыбында. Жақсыбай Самрат шығармалары арқылы жастарға дұрыс жол сілтеуге тырысатындығын айтады.

Жақсыбай Самрат – жазушы, журналист:

 – Әр азамат халқын сүйіп, ұлтына, еліне қызмет етуі керек. Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов ұлтына қызмет екен. Олардың қолдарында бәрі болды, бірақ, Алаштың ардақтылары елге қызмет етуді таңдады.

Ал “Абылайдың ақ үйі” кітабында ұлы қолбасшы жүргізген саясатты баяндайды. Онымен қоса, облыс орталығында тұрған Абылайдың ақ үйін жаңғырту жолында тер төккен жандар жайлы қалам тербеген. Ардагер ұстаз Аманжол Нұртаев Жақсыбай Самраттың туындылары тереңдігімен және тақырыбының өзектілігімен ерекшеленеді дейді.

Аманжол Нұртаев – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Бұл кісі Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу Досмұхамбетов жайында көп жазды.

Жақсыбай Самрат алдағы уақытта біраз тың дүниелермен бөлісуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қазір бүгінге дейін жарық көрген кітаптарын орысшаға аударып жатқандығын айтты.

 

 

Маржан Касымбек