ТЖ

Жұма-жексенбі аралығында орын алған оқыс оқиғалар

Петропавлда қамыс отқа оранды, Кривоозеркада үй жанып кетті. Өткен 3 тәулікте өңір бойынша 13 өрт оқиғасы және қураған шөп жануының 40-тан астам фактісі тіркелген. Ал бір жерлесіміз суға батып, көз жұмды.

Өткен апта өңір құтқарушыларына, шынымен де, қиынға соқты. Әсіресе, жұма мен жексенбі аралығы. Бұл 3 күнде бір ғана өрт сөндіру қызметіне 61 шақырту түскен.

Бұл – аты шулы Сенная база аумағындағы өрт. Жұманың кешінде мұнда қамыс жанды. Қызыл жалын қураған көк пен ұйтқы желдің әсерінен тез тарап, бақандай 10 гектар аумақты шарпыған. Оны сөндіруге қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің бәрі жұмылдырылды.

Николай Белоусов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

 – Отқа оранған қамысты сөндіру үшін 13 бірлік техника мен 70-ке тарта құтқарушы жұмылдырылды. Тіпті, демалыстағы мамандарды шақыртуға тура келді. Тілсіз жау жақын маңдағы үйлер мен диірменге қауіп төндірді. Сондықтан, оны сөндіруге полицейлер де, қатардағы халық та көмектесті.

Араға 3 сағат салып өрт толықтай ауыздықталды, ал жалынның бас көтеруіне жергілікті тұрғындардың абайсыздығы себеп болса керек. Алайда, нақты кімнің кінәлі екенін анықтау мүмкін болмай отыр. Құтқарушылар Сенная базамен әлек болып жатқан сәтте, өрт бір уақытта тағы екі жерде бас көтерген. Қызылжар ауданындағы Затон елді мекенінде қуараған шөп жанса, шаһардағы Театральная көшесінің бойында бос қойма отқа оранды. Ал сенбі, қазанның 17-сі, Кривоозерка ауылында тұрғын үй жанып кетті. Үй иелері дін аман, алайда отбасы қыстың көзі қырауда баспана-мүліксіз қалды.

Николай Белоусов, СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– Оқиға орнына өрт сөндіру бригадасы Петропавлдан жөнелтілді. Құтқарушылар жеткенше жалын қабырғалар мен шатырға таралып үлгеріпті. Бір газ баллоны шығарылды. Өрттің жалпы ауданы – 70 шаршы метр. Өрттің шығу себебі, әзірге, белгісіз, мән-жай анықталуда.

Саят Ермек – тілші:

 – Сондай-ақ, өткен аптада өңірде бір адам оқыс оқиға құрбаны болды. Тек өрттен емес, судан. Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылының 51 жасар тұрғыны Шағалалы өзеніне батып кеткен. Мәліметтерге сәйкес, марқұм бақташы болса керек және өзенді өз қайығымен кесіп өтпек болғанда аударылып түскен. Құтқарушылар оның денесін 3 сағаттан кейін тапты.

Одан бөлек, өткен 3 тәулікте тағы 4 апаттық-құтқару операциясы жүргізілген.
Осымен, ауыр апта артта, ал бүгін – Құтқарушылар күні. Осыдан тура 25 жыл бұрын Президент жарлығымен отандық азаматтық қорғаныс органдары құрылды. Тек аты жаман індетке байланысты қалыптасқан ахуал биылғы мейрамды тиісті деңгейде атап өтуге мүмкіндік бермей отыр.

 

 

 

Саят Ермек