Ауыл шаруашылығыҚұрылыс

Тайынша ауданындағы «Астық-STEM» серіктестігі жұмысшыларына баспана салып беруде

Жұмысшыларына баспана тұрғызып, демалысқа / Дубайға жіберетін басшы. Тайынша ауданында көкөніс шаруашылығымен айналысатын “Астық-Стем” серіктестігі / былтырдан бастап үй салуды қолға алған. Осылай / ауылға жас мамандарды тартып, кадр тапшылығын жоямыз дейді. Бүгінде Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылында жаңа баспаналардың 5-уі бой көтерген.

Бұл үй жақын арада Жалмырза Уәлиевке беріледі. Себебі, ағамыздың өзі тұрып жатқан баспана ескірген және бөлмелері аз екен. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар баспананың ішін заман талабына сай етіп жабдықтауда. Үйдің ішіне су мен орталықтандырылған жылыту желісі тартылған. Шаруаның барлығын «Астық-STEM» серіктестігі өз қаражатына істеп жатыр.

Жалмырза Уәлиев – «Астық-STEM» ЖШС көкөніс сақтау қоймасының бригадирі, Тайынша ауданы:

– 13 жылдай осы серіктестікте жұмыс істеп келемін. Балаларым немерелерім бар. Жақында осында көшіп келемін. Үйдің іші жылы екен.

Бұл бастама ең алдымен ауылдағы кадр тапшылығын жою үшін жасалып жатыр. Мәселен, былтыр серіктестік өз алқабынан 9 мың тонна картоп пен 2,5 мың тонна сәбіз алып жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Өнім мол, табыс та еселей түскен. Ендеше еңбекқор қызметкерлердің еңбегін атап өтуге болады. Осы орайда астық сақтау қоймасының бригадирі Жалмырза Уәлиев зайыбымен бірге Дубайға 10 күндік демалысқа барып келген екен.

Кәсіпорын өз жұмысшыларынан бөлек ауылға келген жас мамандарға да қолдау көрсетіп отыр. Гүлзат Ескендірова – мұғалім. 4 баланың анасы қазір декреттік демалыста. Ал күйеуі болса – учаскелік полицей. Жас мамандар Қарағаш ауылына биыл көшіп келіпті. «Астық-STEM» серіктестігі ерлі-зайыптыға жаңа тұрғызылған үйдің кілтін ұстатқан.

Гүлзат Ескендірова – Қарағаш ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Бұрын бізде баспана болмады. Уақытша тұра тұруға Зеленый Гай ауылдық округінде тұрғанымызда уақытша үй берілді. Биыл осында көшіп келіп, жаңа баспанаға ие болдық.

Үй мектепке қарсы бетте орналасқан. Көпбалалы ана үшін бұл үлкен сый дейді Гүлзат Ескендірова. Баспананы жылыту үшін де көп күш жұмсалмайды. Көршілер мына ортақ пешті пайдаланады. Оған кезекпен көмір салады. Тимділігі сол, басқа жаққа жолға шыққанда қыста батарея жарылып қалады-ау деп алаңдамайды.

Талғат Хамидулин – «Астық-STEM» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Бір үйді салуға 8 млн 300 мың теңге жұмсалды. Баспаналарды құм блоктан тұрғыздық және суық өткізбейтін материалдармен қаптадық. Әрбірінің аумағы 109 шаршы метрді құрайды. Былтырдан бері 5 үй салдық. Екеуін оңтүстіктен қоныс аударғандарға бердік, ал қалғандарының кілтін жергілікті жұмысшыларға табыс еттік.

Баспана жұмысшыларға тегін беріледі. Тұрғындар тек коммуналдық төлемді өтеп отырса болғаны. Кейін 5-6 жыл өте келе жерлестеріміз баспаналарды жарты бағасына сатып ала алады. Серіктестік директоры мұнымен тоқтап қалмақ емес. Талғат Хамидулин келесі жылы тағы да осындай жайлы баспана салу ісін жалғастырмақ ниетте.

 

 

Бердимурат Баймухан