Құрылыс

Облыс орталығында көпқабатты 22 үй салынып жатыр

Бүгінде облыс орталығында көпқабатты 22 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының бірі Уәлиханов көшесінде қарқын алған. Мердігерлер – жергілікті. Қос серіктестік аталған көшенің бойында 9 қабатты 3 баспана тұрғызуда.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Уәлиханов көшесі бойындағы мына аумақта бұрын жер үйлер болатын. Кеңес үкіметі кезінде салынған баспаналардың басым бөлігі уақыт өте ескірді, кейбірі, тіпті, құлауға жақындады. Бүгінде олардың барлығы сүрілген. Учаскеде көпқабатты 3 бірдей нысан бой көтеріп жатыр. Құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында басталды.

Жауапты іс жергілікті «Альфа-Север» серіктестігіне сеніп тапсырылған. Қазір 30-ға жуық маман нысанның іргесін қалап жатыр.

Нысан 9 қабатты болады. Ішінде 2 және 3 бөлмелі 36 пәтер орналаспақ. Мәселен, 2 бөлмелі – 38, ал 3 бөлмелі баспананың аумағы 53 шаршы метрді құрамақ.

Владимир Елгащин – «Альфа-Север» ЖШС прорабы:

– Бұл көпқабатты ғимаратта 36 пәтер болады. 2 бөлмелі пәтердің саны – 17, ал 3 бөлмелісі – 18. Құрылыста қолданылып жатқан материалдың басым бөлігі жергілікті кәсіпорындарда жасалған. Сапасы жақсы. Жобаның құны шамамен 78 млн теңгені құрайды.

Ал мына жерде тағы 9 қабатты 2 үй салынып жатыр. Нысанның іргесі қаланып, кірпіші қойылуда. Жаңа баспаналардың құрылысы келесі жылдың жазында аяқталады.

Маржан Касымбек