Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіп ашып, нәсіп табуға – мемлекеттен көмек

Кәсіп ашып, нәсіп табуға – мемлекеттен көмек. Тимирязев ауданының 112 тұрғыны былтыр “Бизнес бастау” бойынша жеке істі дөңгелетудің қыр-сырын үйренді. Іскер азаматтардың 90-ы 530 мың теңгенің грантын иеленсе, өзгелері төмен пайызбен несие рәсімдепті.

Бұл – Тимирязев селосының орталығында орналасқан сән әлемі. Әсемдік салоны қыз-келіншектердің сүйікті орнына айналған. Нәзікжандылар өз ісінің хас шебері Екатерина Ионинаға келіп, бьюти қызметтің бірнеше түрін ала алады.

Екатерина Ионина – сән шебері, Тимирязев ауданы:

– Бьюти салаға бірнеше жыл бұрын келдім. Ең алдымен кірпік өсіруді қолға алдым. Клиенттерді үйімде қабылдайтынмын. Кейін тырнақ өсіруді де меңгеріп алдым. Сұлулық салонын ашу арман еді. Тек әйелдерге ғана емес, ер азаматтарға, балаларға да қызмет көрсететін шеберлерді бір жерге жинауды қаладым.

Арманына жету жолында Екатеринаға жұбайы Евгений Ионин қолдау көрсеткен. Азамат өзі де барбер қызметін меңгеріп алыпты. Осылайша, ерлі-зайыптылар мақсаттарын жүзеге асыру үшін «Бизнес бастау» жобасына жүгінген. Өткен жылдың қыркүйегінде кәсіп ашып, оны жүргізудің қыр-сырын меңгеріпті. Қазылар алқасының алдында қорғаған стартап жобалары жоғары бағаға ие болып, бірнеше ай бұрын әрбіреуі 530 мың теңге көлемінде грант иеленген. Дәл осындай қолдауға салонда істейтін тағы бір шебер жеткізіпті. 1 жарым млн-нан асатын қаржыға мамандар нысанды жалға алып, қажетті заманауи қондырғыларды сатып алған. Мұнымен кәсіпкерлер тоқтап қалмай, шаруаларын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Бизнес бастаудың өзге түлектерінің де ісі өркендеп жатыр.

Галина Тарасенко, Тимирязев аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Аудан тұрғындары жеке кәсіптерін ашуға не дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуда. 2019 жылы «Бизнес бастау» бойынша 112 жерлесіміз білім алды. Олардың 90-ы жобаларын сәтті қорғап, 530 мың теңгенің грантын иеленді. Қалғандары 6 пайыздық жылдық үстемеақымен несие рәсімдеді. Жерлестеріміз негізінен мал және өсімдік шаруашылығын қолға алуда. Сондай-ақ, қызмет көрсету саласына да бет бұрып жатыр.

“Бизнес бастау” бойынша оқимын дегендердің саны биыл да көп болыпты. Бірақ, пандемияға байланысты сабақтар онлайн форматта өтіп жатыр. Сондықтан, әзірге курстан 24 адам өткен. Олардың тең жартысы мемлекеттік қолдауға ие болды. Ауданда «Қарапайым заттар экономикасына» қызығушылық танытып жатқандар да аз емес. 2019-да тек бір жоба болса, бүгінде 12-сін іске асыруға жалпы сомасы 550 млн теңге бөлінген. Қолға алатын стартаптар баршылық, бірақ екінші деңгейлі банктер оны ұзақ қарастырады дейді мамандар. Сондықтан, қағазбастылықтың салдарынан, бизнесті бастау процесі созылып кететін көрінеді.

 

 

Эльмира Садвокасова