Ауыл шаруашылығы

“Ауыл” партиясының мүшелері бас қосты

Өңірдегі елді мекендердің жартысынан астамында жол, үй және су мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Атқаратын шаруа көп. “Ауыл” партиясының мүшелері Аққайың ауданында жиын өткізіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының іске асуы төңірегінде ойларымен бөлісті. Түйткілді шешу жолдары мен ұсыныстар құзырлы органдарға жолданбақ.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елмізде 2 жыл бұрын «Ауыл – ел бесігі» атты жоба қолға алынды. Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды көркейту, ондағы өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінде өңірде 635 елді мекен бар. Оның 307-сінің болашағы зор дейді партия өкілдері.

Темірғали Әбілмәжінов – «Ауыл» ХДПП партиясы СҚОФ төрағасы:

 – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қабылданғанына 2 жыл болды. Оның шеңберінде біраз жақсы игі жұмыстар атқарылуда. Бірақ, жасалып жатқан шаруаның кемшіліктері де бар. Неге елді мекендерден халық көшіп жатыр? Неге ауылдарда жұмыссыздық бар? Сондай-сондай мәселелер әлі де шешілмей жатыр.

Бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды қажет ететін бірқатар мәселе бар. Мысалы, өңірдегі елді мекендердің жартысынан астамында жол, тұрғын үй және су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Кейбірінде, тіпті, білім және денсаулық сақтау нысандары әбден ескірген. Аталған мәселелерді «Ауыл» партиясының белсенді мүшелері Аққайың ауданында өткізген жиындарында талқылады.

Қайрат Айтуғанов – «Ауыл» ХДПП партиясы төрағасының орынбасары:

– Қазір барлық өңірлердің елді мекендерін аралап жүрміз. Тұрғындардың басым бөлігі “Біздің ауылға қашан жол жетеді?” деген сұрақтар қойып жатыр. Біртіндеп мәселе шешімін табуда. Ол үшін Үкіметтен қаражат та бөлінді. Бірақ, бұл ақша барлығына бірдей жетпейді.

Жиынға қатысушылар әлі де болса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жетілдіру қажеттігін айтты. Сөздерінше аталған жобаны “Нұрлы жер” “Еңбек”, “Бизнестің жол картасы-2025”, “Нұрлы жол” сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестіру қажет. Ортаға тасталған тұшымды ойлар кейін құзырлы органдарға ұсынылатын болады.

 

 

 

 

Ешкенова Дана