Бизнес және экономика

Жергілікті университетте “Кедергісіз қоғам” орталығы ашылды

Kozybayev University-де Қозыбаев университетінде «Кедергісіз қоғам» орталығы ашылды. Мұнда мүмкінді шектеулі студенттер жиі кезігетін мәселелер талқыланатын болады. Алғашқы жиын кеше “Zoom” бағдарламасы арқылы қашықтықтан ұйымдастырылды.

Бүгінде жергілікті университет қабырғасында түрлі мамандық бойынша 7 мыңнан астам студент білім алады. Оның 54-і – мүмкіндігі шектеулі жастар. Бұл қыз-жігіттерге арнап жоғарғы оқу орнында барлық жағдай жасалған дейді “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная.

Людмила Гривенная – Kozybayev University “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:

– Оқу ордасындағы кабинеттерде мүмкіндігі шектеулі студенттерге арнайы интерактивті тақталар қойылған. Жоғарғы қабатқа көтеріліп-түсуі үшін пандус орнатылған. Қыз-жігіттерге психологиялық көмек көрсететін орталығымыз да бар. Олар қоғамның толық мүшесі екендігін сезінулері үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз.

Ал қазанның 16-ы күні мүгедек жандардың қатысуымен «Кедергісіз қоғам» орталығы ашылды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жастар жиі тап болатын қиындықтар мен мәселелер талқыланатын болады. Алғашқы жиын «Zoom» бағдарламасы арқылы ұйымдастырылды. Жоғарғы оқу орнын осыдан 6 жыл бұрын тәмамдаған Сәлімхан Сәбитов мынадай сұрағын қойды.

Сәлімхан Сәбитов – «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Коронавирустың таралуына байланысты студенттердің барлығы қазір үйде отырып білім алуда. Осы ретте мынадай сұрақ туындайды. Мүмкіндігі шектеулі жастардың барлығы бірдей заман игілігін қолдана ала ма? Осы мәселені қалай шештіңіздер?

Жоғарғы оқу орнының ұжымы оқыту жүйесі өзгертілмес бұрын ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылғандығын мәлімдеді. Сол кезде студенттерге де, олардың жақындарына да барлығы егжей-тегжейлі түсіндірілген. Мамандар кей жастардың техникалық құрылғысына арнайы қосымшаны жүктеп, онымен қалай жұмыс істеу керектігін де үйретіпті.Тағы, оқытушылар ұжымы келесі жылға дейін оқу нысандарының 1-ші қабатына студенттерге дауыстап бағыт-бағдар беріп тұратын құрылғы орнатылатындығын айтты.

Маржан Қасымбек