МТРА жаңалықтарыТКШ

Тимирязев ауданында су таратушы желілер жөнделуде

12 есеге үнемдірек. Елді мекендіктерді тіршілік көзімен қамту мақсатында  Тимирязев ауданында су таратушы желілер қалыпқа келтірілуде. Шаруаны мамандар ескі құбырдың ішінен жаңасын өткізу әдісімен жасап жатыр. Аталған мақсатқа биыл 33 млн теңге бөлініпті. Ауқымды істің игілігін бүгінде аудан орталығынан бөлек, Степное, Восход пен ДокучАево селоларының тұрғындары көріп отыр.

Тимирязев тұрғыны Татьяна Ванслав пен немересі Глеб елді мекендегі соңғы өзгерістермен қуана-қуана бөлісуде. Ауылда су тарату желілері қалыпқа келтіріліп, селолықтар тіршілік көзін үйлеріне кіргізуге кіріскен.

Татьяна Ванслав – Тимирязев селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Суды осыған дейін колонкадан алатын едік. Ол кейде сынып қалады. Ал қазіргі жағдайымыз тамаша. Тіршілік көзі – үйде. Ұлым барлық қажетті техниканы сатып алып, орнатты. Пеш жағатынымыз болмаса, әйтпесе, өмір – қаладағыдай.

Су таратушы желілерді қалыпқа келтіру жұмысы Тимирязевтің өзге бөлігінде қазір жалғасып жатыр. Шаруаны мамандар ескі шойын құбырының ішінен жаңа полипропилендісін өткізу арқылы жасап жатыр. Айтуларынша, бұл желілерді толық ауыстыруға қарағанда 12 есеге үнемді екен әрі сапасы да жақсы. Жақын арада ауқымды істің игілігін Алиевтер жанұясы да көрмек. Отбасының аудан орталығына қоныс аударғанына 30 жылдай уақыт болыпты.

Нифтали Алиев – Тимирязев селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Суды мұнарадан көлікпен тасимыз. Жазда жаңбыр құйып, қыста боран көтерілгенде оған жетудің өзі қиын. Ол аздай бір флягасы бір күнге жетіп болмайды. Біздің отбасымыз үлкен. Балаларым және немерелімізбен бірге тұрамыз. Сондықтан, құбырлардың қалыпқа келтіріліп жатқанына қуаныштымыз. Бірден үйге дейін тартып аламыз. Бұл игілікті көптен күтіп едік.

Аудан бойынша су таратушы желілерді қалыпқа келтіру жұмыстары 3 жыл бұрын басталыпты. Биыл шаруаға 33 млн теңге бөлінді. Бүгінде іс Степное, Восход пен Докучаево селоларында тәмамдалыпты. Жол мәселесі де біржақты етілуде. Тимирязев ауылында ағымдағы жылы 11 шақырым жөндеу көрген. Оның 2,2 км-іне – асфальт, қалғанына қиыршық тас төселіпті. Аталған мақсатқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 135 млн теңге бөлінген.

Айбек Қоржумбаев – Тимирязев аудандық құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

–  Облыстық маңызы бар Ақсуат ауылының маңындағы жол да күрделі жөндеуден өткізілуде. 3 шақырымға 360 млн теңге бағытталды. Бұл – өте проблемалы учаске. Жыл сайын тасқын кезінде жолды шайып кетеді. Биыл су өткізгіш 5 құбыр орнатылды. Енді қалыңдығы 9 см болатын асфальт салынады. Шаруаны мердігерлер қазан айының 31-іне дейін аяқтаулары тиіс.

Ал аудандық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсартуға бюджеттен 1 млрд 358 млн теңге бөлінген. Бұл сомаға 12 елді мекеннің кіреберісі жөнделуде. 85 шақырымның 8-іне – асфальт, қалғанына қиыршық тас төселеді деп жоспарланған.

Эльмира Садвокасова