МТРА жаңалықтарыТЖ

Төтенше жағдайлар қызметінің көлік паркі 10 данамен толықты

Жылдам әрі ыңғайлы. Биыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінің автопаркін жаңарту үшін жергілікті қазынадан 100 млн теңге бағытталды. Бөлінген қаржыға бүгін құтқарушы мамандарға жаңа машиналар берілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында 10 бірдей “Нива” автокөлігі табысталды.

Шапшаңдық, батылдық пен табандылық. Бұл қасиеттер әр құтқарушының бойында болуы қажет. Себебі, адамды қаулаған от пен тасыған судың ішінен аман-есен алып шығу үлкен жүректілікті талап етеді. Бұдан бөлек төтенше жағдайлар қызметі мамандарының астында тегеурінді техниканың болуы да аса маңызды. Апат орын алған жерге тез жету үшін дәл осы машиналар қажет. Мәселен, мына “Трэкол” автокөлігін алып қарасақ. Аталған техника өңірімізге былтыр сатып алынды. Табиғаттың кез келген мінезіне төтеп бере алатын машинаны тізгіндеген Рүстем Қожин оның көмегімен көптеген адамның өмірін құтқарып қалдық дейді.

Рүстем Қожин – қалалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бас құтқарушысы:

– Шаховское селосында аяғы ауыр әйел хабарласты. Жолда қалып қойыпты. Қардың биіктігі 2 метр болды. Одан тек “Трекол” көлігі ғана өте алды. Соның көмегімен нәзікжандыны аман-есен қалаға жеткіздік.

Өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің автопаркі жыл сайын жаңарып отырады. Биыл да бұл бағытта жергілікті қазынадан 100 млн теңге бөлініп, 10 бірлік «Нива» автокөлігі сатып алынды. Су жаңа машиналардың кілттері бүгін мереке қарсаңында мамандарға табыс етілді. Өңірімізге жеткізілген техникалармен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жергілікті бюджеттен де, Үкіметтен де қаржы бөлініп жатыр. Былтырдың өзінде 11 бірлік техника сатып алынды. Оның ішінде өрт сөндіру машиналары мен басқа да жабдықтар бар. Биыл алған 10 техниканы аудандарға жіберетін боламыз.

«Нива» көлігі ой-шұңқырлардан оңай өтеді дейді 20 жыл ғұмырын адам құтқаруға арнаған жерлесіміз Асхат Жамбылов. Өйткені, төтенше жағдай кезінде кейде қосымша көмек күші қажет болады. Сол уақытта “Нива” жасақтағыларды діттеген жерге тез жеткізеді екен.

Асхат Жамбылов – қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:

– Өңірде жолы нашар елді мекендер баршылық. Бұл көлік біріншіден жеңіл, екіншіден көп бұзыла бермейді. Сондай-ақ, “Нива”-мен тасты, шұңқырлы жерлермен жүру оңай.

Тапсырылған көліктің біреуі Петропавлда қалады, қалғаны аудандарға жөнелтіледі. Мамандар жыл соңына дейін тағы 6 машина аламыз дейді. Олар өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарында қолданылмақ.

Бердимурат Баймухан