Балалар

Облыс орталығында “Маска тағыңыз” атты акция бастау алды

Өзің естен шығармА, өзгеге де ескерт! Петропавл жастары “Маска тағыңыз” атты акцияны қолға алды. Осылай деп белсенді жастар түрлі түсті бояумен жол үстіне жазды. Ерекше шара облыс орталығында алғаш рет ұйымдастырылуда.

Алтынай Қазиқан – тілші:

–  Кейде асыққан сәтте маска туралы ұмытып кететініміз рас. Сондықтан еріктілер тұрғындарға бетперде тағуды осылайша еске салмақ. Мұндай жазулар қаладағы адамдар көп шоғырланатын орындар мен жаяу жүргіншілер жолына жазылатын болады.

Акцияға белсенді жастар тыңғылықты дайындалған. Олар бүріккіш бояу мен трафареттерін алып, қаланың орталық көшелерінде маңызды жазба қалдыруды бастады. Еріктілер әуелі ерекше белгіні Жұмабаев мен Сүтішев көшелерінің қиылысында таңбалады. Кейін “Рахмет” сауда үйіне қарай бағыт алды. “Бұл акция өзіңе және айналадағы жандарға жанашыр болып, індеттің өршіп кетуіне жол бермес үшін өткізіліп жатыр”, -дейді облыстық жастар бастамалары орталығының маманы Әлфараби Мыңбай.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының консультант-талдаушысы:

– Бағдаршамның қиылысында салып жатырмыз. Өйткені, адамдар жасылдың жанғанын күтіп тұрғанда масканы ұмытып кеткен жағдайда жазуды көріп, есіне алады.

Айта кеткен жөн, Қызылжарда мұндай акция алғаш рет өткізіліп отыр. Солтүстікқазақстандық еріктілер қолға алған бастама қала тұрғындарының көңілдерінен шығуда.

– Қалада шектеу шаралары күшейтілді. Міндетті түрде маска тағу керек. Бірақ, тұрғындардың көбісі мұны ескермей жатады. Жерлестеріміздің денсаулығына алаңдап, осындай акцияны өткізіп жатқан жандарға алғысым шексіз.

– Адамдардың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып жатқан әр істі қолдаймын. Мұның барлығы адамның өмірін сақтауға ықпал етеді.

Жанашыр жандар қаланың орталық көшелерінде “Маска киіңіз” деген 10-нан астам жазу қалдырды. Алдағы уақытта жалынды жастар қаланың барлық көшелеріне осындай белгі салуды жоспарлап отыр.

Алтынай Қазиқан