МТРА жаңалықтарыҚоғам

Келлеровка селосындағы мәдениет үйі жөндеу көрді

Жол жөнделіп, саябақ іші абаттандырылды. Тайынша ауданына қарасты Келлеровка селосында биыл оң өзгерістер орын алуда. Ел қазынасынан бөлінген 25 млн теңгеге мамандар ауылдағы мәдениет ошағының іші-сыртын түгелдей жаңартқан. Сондай-ақ, ғимараттың ішінде спортсүйер жандарға арналып фитнес залы да ашылмақ.

Жарық, кең және ең бастысы, жылы. Ауқымды жөндеу жұмыстарынан кейін Келлеровка селосындағы мәдениет үйінің іші-сырты адам танымастай өзгерді. Нысанды қалыпқа келтіру үшін биыл республикалық бюджеттен 25 млн теңгеге жуық қаржы бағытталыпты.

Досымжан Ілиясов – Келлер селолық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Бұрын нысанның іші суық болатын. Биыл жылу жүйесін толығымен ауыстырдық. Конференц-залдың ішін жөндедік. Барлығын жаңаладық. Ғимарат қыста жылы болады деп сенеміз.

Мәдениет үйіндегі ескірген электр сымдары толығымен ауыстырылып, жаңа үлгідегі жарық шамдар орнатылған. Мамандар медиа құрылғыларды да жаңартыпты.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Ал бұл мәдениет үйіндегі фитнес залдың іші. Қазір бөлменің іші бос тұр. Мұнда жаттығуға арналған ешқандай құралдар жоқ. Ауылдық округ әкімінің айтуынша алдағы уақытта мұнда жергілікті қазынадан ақша бөлініп, мәселе шешімін табады.

Болашақта барлық жаттығу құралдары әкелінген соң мұнда кез келген тұрғын келіп, уақытын тиімді өткізе алады. Жерлестеріміздің спортпен шұғылданулары үшін барлық жағдай жасалады дейді округ әкімі Досымжан Ілиясов. Жалпы, Келлеровка селосында орын алып жатқан оң өзгерістер көп. Мәселен, биыл ауыл ішінде 90 млн теңгеге жол жөнделіп, 4 көшеге асфальт төселіпті. Сонымен, қатар саябақтың ішінде абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

Бердимурат Баймухан