БілімБалалар

“Бастау” жобасы аясында биыл 600-ге жуық адамға грант берілген

Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді қолдау! Биыл «Даму» қоры 140-қа жуық жобаны субсидиялаған. Яғни, бизнес-жоспар иелеріне 6 пайыздық үстемақымен  жиынтық көлемі  20 млрд теңгенің несиесі берілген. Сондай-ақ, “Бастау” жобасының аясында 950-ге жуық адам білім алған.

Биыз өңірде «Бизнес мектебі» аясында 260-қа жуық адам 10 күн бойы тегін білім алған. Ал «Іскерлік қатынастар» жобасы ең білікті деген кәсіпкерлердің шетелде тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы 2 жерлесіміз Германияда ұйымдастырылған 1 айлық курсқа қатысып қайтыпты. Енді қазан айының басынан келесі кезеңге өтінім қабылданып жатыр. Бүгінге дейін үміт білдіргендердің саны – 6-ау.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Бұл екі кезеңнен тұрады. Ең алдымен елімізде курстан өтуі керек. Сосын сертификат алады. Екіншіден Нұр-Сұлтан қаласында жобасын қорғайды. Не үшін баратындығының себептері мен негізгі мақсатын айтады.

Үміткер барлық талаптарға сай болса, шетелде білім алуына жол ашық деген сөз. Енді екі қолға бір күрек табуға көмектесетін «Бастау» жобасына тоқталсақ. Биыл карантинге байланысты онлайн өткен курстарға 950-ге жуық адам қатысыпты. 577 солтүстікқазақстандыққа 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілген. Яғни бизнес-жобасы қазылар алқасының көңілінен шыққан жандарға 530 мың теңгеден ұсынылыпты. Тағы 146 тұрғын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 пайыздық үстемақымен несие рәсімдеген.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Қаржыландырылатын жобалардың жалпы санының 55,8% -ауылшаруашылық кәсіптер, 44,2% – ауыл шаруашылығы емес түрлері. Көбіне әсемдік салондарын, өнідіріс бойынша алды.

«Даму» қоры тарапынан да биыл біраз солтүстікқазақстандыққа қолдау көрсетілген. Яғни, тұрғындар ұсынған 139 жоба субсидияланған. Бизнес-жоспардың иелеріне 6 пайыздық үстемақымен 20 млрд теңгенің несиесі беріліпті.

Мұратбек Сердалинов – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

– Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» қоры кәсіпкерлерге 2 түрлі қолдау көрсетеді. Біріншіден кәсіпкер алған несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. Банк несиені 14 пайызбен береді.

Сондай-ақ, 107 жобаның иесіне 7 жарым млн теңгенің кепілдемесі беріліпті. Арнайы құжатқа сай кәсіпкерлер қарызды 10 жыл ішінде қайтарулары қажет.

Актолкын Солтанханкызы