МТРА жаңалықтары

Темір тордың ар жағындағы өмір

Темір тордың ар жағындағы өмір. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері БАҚ өкілдері үшін ЕС 164/6 мекемесінде баспасөз турын өткізді. Мұнда қазір  қылмысқа барған 200-ден астам қыз-келіншек жазасын өтеуде. Іс-шара барысында  олардың тұрмыс-тіршілігі мен түзу жолға түсулеріне ықпал ететін тәрбиелік жұмыстар таныстырылды.

Түзету мекемесінің табалдырығын аттамас бұрын қатаң тексерістен өттік. Тексерістің өзі 30-40 минут уақытты алды. Тілшілерге ең алдымен кітапхана қоры таныстырылды. Мұнда 4 мыңнан астам кітап бар. Жазасын өтеушілер бос уақыттарын кітапханада өткізеді.

Әлия Сеиілқызы – жазасын өтеуші:

– Қазір С.Мұқановтың «Ботагөз» романын оқып жатырмын. Екі күнде бір кітапты оқып бітіремін. Жалпы, бұл жерде түрлі жанрдағы кітаптар жетерлік.

Оқу оқымаған жазасын өтеушілер орта және кәсіптік білім ала алады. Мамандардың сөзінше сотталғандардың арасында, тіпті, әріп танымайтындары да кездесіп жатады екен. Олармен жұмыс жеке жүргізіледі.

Мектеп бағдарламасын тәмамдағандарға орта білім туралы аттестат беріледі.
Адамды адам қылған еңбек. Тәрбиелеу мақсатында жазасын өтеушілер еңбекке жұмылдырылады әрі оған ақша төленеді. 2 бірдей тігін цехында 80 адам жұмыс істейді.

Ольга Пышнова – жазасын өтеуші:

– Қазір қысқы киім тігіп жатырмыз. Қажет материалдың барлығы жеткілікті. Бұған дейін тігін тігуді білмеген едім. Амал жоқ, бәрін осында үйрендім.

Пандемияға байланысты түзету мекемесінде тәртіп қатаңдай түскен. Қазір туыстармен бетпе-бет жүздесуге тыйым салынған, бірақ, айына кемінде 6 рет онлайн байланысқа шығуға болады.

Баспасөз туры барысында түзету мекемесінің асханасына да ат басын бұрдық.
Мұнда 3 аспаз бен тағы 4 қызметкер тағам әзірлейді.
Сондай-ақ, түзету мекемесінде медициналық пункт те жұмыс істейді. Мұнда флюорография және стоматологиялық кабинеттер бар. Науқастарға арналып 5 төсек-орын қарастырылған. Негізі, ЕС 164/6 түзету мекемесінде 200-ден астам қыз-келіншек жазаларын өтеуде.

Дана Сәлімқызы