Қоғам

Рухани келісім күніне орай дін өкілдері жиын өткізді

Бір-біріне құрмет көрсету, алғыс білдіріп, ықылас таныту. Рухани келісім күніне орай бүгін “Қызылжар” қалалық мешітінде түрлі дін өкілдері бас қосып, жиын өткізді. Шара барысында дінбасылар ұлтаралық татулық пен ынтымақ жайында әңгіме өрбітті.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елімізде тұрып жатқан әр халықтың өз діни сенімі мен ұстанатын дәстүрлері бар. Осы орайда жиынға қатысқан дін өкілдері азаматтарымыз бір-бірін сыйлап, тату болса еліміз әрі қарай дами түседі дейді. Яғни, ұлтаралық татулық пен діни келісім – қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың ең маңызды бөлігі.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – келісім күніне орай бір-бірімізге жақсы жақтарымызды көрсетіп, татулығымызды білдіру болып табылады.

“Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек” – деп Абай атамыз айтқандай, дін өкілдері де ұлы ақынымыздың осы сөзін жастар біліп жүрулері қажет дейді. Яғни, адамдардың барлығына оның діні мен ұлтына қарамастан бірдей ықыласпен қарау қажет.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Қасиетті қазақ жерінде қанша жыл түрлі дін өкілдері бірге тұрып келе жатса да олардың араларында ешқандай алауыздық болған жоқ. Менің ойымша Қазақстанда тұрып жатқан азаматтардың барлығы аталарынан қалған қонақжайлылық қасиетті бойларына жақсы сіңірген. Біз де бүгін католик сеніміндегі және мұсылман ағайындарымызбен бірге бас қосып өзіміздің келесі жылға деген жоспарларымызды талқыладық.

Қазанның 18-і – Рухани келісім күні. Елбасының бастамасымен қабылданған мереке биыл 28-ші рет аталып өтілуде.

Бердимурат Баймухан