Қоғам

Петропавлдық еріктілер 84 жастағы қарияға қолғабыс етті

Қызылжарлық еріктілер 84 жастағы қарияға қолғабыс етті. Вера Золотых волонтерлік қозғалыстың саналы әрі мейірімді ұрпақ тәрбиелеп, қарттарға қамқор болуға баулиды дейді. Белсенді студенттер қазан айының басынан бері 100-ге жуық зейнеткердің үй шаруасына көмектескен.

Есік алдын тазалады, отын аралады. Кесілген ағаш бөліктерін қора-жайға кіргізіп берді. 4 ерікті жарты сағаттың ішінде біраз іс тындырды. Университеттің 2-3-ші курсында оқитын студенттер сексеннің сеңгіріне шыққан Вера Золотыхқа көмектесіп жатыр. Қария ұсақ-түйек шаруаны өзі тындыра алады, бірақ маңайдағы ауыр жұмысты атқаруға шамасы жоқ. Айтуынша, қолғабыс етуге жастар жиі келіп тұрады.

Вера Золотых – қала тұрғыны:

– Қарияларды ұмытпай, көмек көрсетіп жүрген еріктілерге алғысымды білдіремін. Жастар жиі көмектесіп тұруға тырысады. Осындай мейірімді жандар көп болса екен деймін.

Қызылжарлық еріктілер қазан айының басынан бастап 100-ге жуық қарияның үйіне барып, үй шаруасына қолғабыс етіп қайтқан.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының консультант-талдаушысы:

– Бүгін біз 4 волонтерді алып келдік. Өйткені, бұл жерде ауқымды жұмыс жоқ. Кішігірім отындарды жару. Біз негізі бір үйге барған кезде 4-5 еріктіден барамыз.

Белсенді жастар аға буын өкілдерін қиын шақта жалғыз қалдырмай, қолдарынан келгенше көмек көрсетіп келеді. Олар елде төтенше жағдай жарияланған кезде де бейжай қалмай, тегін маска таратуға ат салысқан.

Мұса Әубәкіров – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Волонтерлер жалғызілікті қариялардың құжаттарын жинауға да көмектеседі. Мәселен, олар осы күнге дейін біраз жандардың зейнетақы алу үшін қажетті қағаздарын реттесті. Қазіргі таңда өңірде 10 мыңға жуық ерікті бар.

Игі шара қазан айының соңына дейін жалғаспақ. Науқан аяқталғанға дейін еріктілер қала бойынша 500-ге жуық зейнеткерге қолғабыс етуді жоспарлап отыр.

Алтынай Қазиқан