МТРА жаңалықтары

Құмар Ақсақалов орыс драма театрындағы жөндеу жұмыстарымен танысты

Теңдесі жоқ жоба. Жақында Петропавлда ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев бейнеленген үлкен керамикалық мурал салынған еді. Әдемі ою-өрнектермен безендірілген туынды – еліміздің оңтүстік астанасынан келген сәулетшілердің еңбегі. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов атқарылған іспен танысып, бағасын берді. Өңір басшысы, сондай-ақ, Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жасалып жатқан жөндеу жұмыстарымен де танысты.

Биыл Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне – 175 жыл. Ұлы ақынның мерейтойына орай ел көлемінде түрлі бастамалар қолға алынуда. Қазақстанның үлкен қалаларында, тіпті, кейбір шет елдерде біртуар тұлғаға арналып ескерткіштер қойылып жатыр. Мұндай бастама Петропавлда да қолға алынды. Шаһарымызда жақында Абай бейнеленген мурал салынды. Туынды Әуезов пен Абай көшелерінің қиылысындағы 5 қабатты үйдің қабырғасында орналасқан. Ерекше туындыға қала жұрты оң бағаларын беруде және мұндай бастамалар жалғаса берсе деп тілейді.

–  Абай сияқты ұлы ақындардың суретін көшеден көргенде қазіргі жас ұрпақ өздерін кемел әлемнің жанында жүргендей сезінетін шығар деп ойлаймын.

– Өзім осы маңда тұрамын. Соңғы уақытта мұнда жастар көп суретке түсетін болды. Өскелең ұрпақ ұлы тұлғаларымызды осылай танып, құрметтеп өссе, нұр үстіне нұр болады.

Туындыны биыл еліміздің оңтүстік астанасынан келген сәулетшілер жасаған болатын. Бүгін тың жобамен танысуға қала тұрғындарынан бөлек, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен облыс әкімі Құмар Ақсақалов келді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы құтты болсын. Абай Құнанбайұлының шығармалары – өшпес мұра. Сол үшін біз қазақ халқының ұлы тұлғаларын келешек ұрпаққа осындай ескерткіштер арқылы жеткізуіміз керек.

60 жыл ғұмырын ғылым мен білімге арнаған академик, абайтанушы Зарқын Тайшыбай өңір басшысына тың бастама үшін алғысын білдіреді.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик:

– Бұл Құмар Ақсақаловтың жеке идеясы болған. Осындай бастамалар арқылы өңірімізге келген шетелдік қонақтарға ұлы тұлғаларды танытуға болады.

Облыс әкімі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрына да ат басын бұрды. Мұнда биыл шілде айынан бері қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мамандар мәдениет ошағын күрделі жөндеуден өткізіп, нысанның қасбеті мен оның ішкі дизайнын түгелдей өзгертпек.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Нысанның сыртындағы парапетті салып жатырмыз. Ғимараттың алдыңғы бетіндегі көк әйнекті ауыстырдық. Енді театрдың ішіндегі интерьердің бәрі сырттан қарағанда көрініп тұрады. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары 60 пайызға тәмамдалып қалды.

Театрдың болашақ көрінісі мына жерде тұрған суреттерде бейнеленген. Алдағы уақытта нысан дәл осы үлгідегідей жарық әрі кең болмақ. Мамандар, сонымен қатар, көрермендер залына да өзгерту енгізуде. Мұнда қабырғаларға жарық орнатылып, сахнаның келбеті жаңартылады. Биыл мұндағы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 240 млн теңгеден аса қаржы бағытталған. Шаруа қараша айында тәмамдалады.

Бердимурат Баймухан