МТРА жаңалықтары

Биыл өзге өңірлерден келген 60 дәрігерге 1,5 млн теңге жәрдемақы беріледі

Биыл өзге өңірлерден келген 60 дәрігерге 1 жарым млн теңгенің жәрдемақысы беріледі. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасынан ұсынылатын әлеуметтік көмекке бүгінге дейін 17 маман қол жеткізіпті. Бұл турасында қалалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Жиында бұдан өзге де тақырыптар қаузалды.

Биыл облыстағы медициналық мекемелер 70 маманмен толықты. Ақ халатты абзал жандардың басым бөлігі – оңтүстік өңірлердің тумалары. Жас мамандарға қолдау ретінде қалалық бюджеттен 200 АЕК әлеуметтік көмек беріліпті. Яғни, әрқайсысына 530 мың теңгеден ұсынылған. Тиісті келісім шартқа сай енді бұл мамандар өңірде 3 жылға дейін жұмыс істейді.”Нұр үстіне нұр” демекші жақында жергілікті денсаулық сақтау басқармасынан да 1 жарым млн теңгеден табыс етілген.

Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

–  Бұрын 1 жарым млн теңгенің жәрдемақысы басқа облыстан келген қалалық дәрігерлерге берілмейтін. Тек елді мекендерде қызмен ететін ақ халаттылар ғана алатын. Өткен жылдан бастап шаһарлық дәрігерлерге әлеуметтік көмек ұсыныла бастады. 2019-да 1 жарым млн теңге 45 адамға берілсе, биыл олардың саны 15-ке артты.

Бүгінге дейін денсаулық сақтау басқармасынан берілетін әлеуметтік көмек 17 дәрігерге тағайындалған. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков қысқа да нұсқа баяндамасын осылай аяқтады. Келесі кезек Жанболат Батырбековке берілді. Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі бірден облыс орталының қай жерлері абаттандырылғанын және бұған қанша қаражат бөлінгендігін мәлімдеді.

Жанболат Батырбеков – Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Парк көшесі бойындағы көпқабатты үйді қалыпқа келтіру үшін 87 млн теңге қаржы жұмсалды. Потанин көшесіндегі баспаналарды жөндеуге 100 млн теңге бөлінді. Биыл теміржол вокзалының айналасы да аббаттандырылды. Жаңа әрі заманауи орындықтар қойылып, шамдар ауыстырылды. 2 бірдей фонтан толықтай күрделі жөндеу көрді. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 34 млн теңге бағытталған болатын.

Қоғамдық кеңес мүшелері қос бөлім басшысының баяндамасын тыңдап болған соң сұрақтарын қойып, тұшымды жауабын алды. Одан кейін жиналғандар Новопавловка зиратында шешімін таппай жатқан мәселеге тоқталды. Жерлеу орнының іші толғандықтан, қазір есігі жабық тұр. Бірақ, бұл тұрғындарға тосқауыл бола алмаған көрінеді.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Біз тұрғындарға ескерту жасадық. Күзетті де күшейттік. Бірақ, құлақ асып жатқандар шамалы. Себебі, зиратта рұқсатсыз жерлеу рәсімін өткізген адамға заң бойынша жаза қарастырылмаған.

Мамандардың айтуынша қайтқан адамды жерлеуге арналған басқа да орындар бар екен, бірақ көбісі Новопавловкаға әкелетін көрінеді. Сонымен қатар, оның сыртына қоқыс төгетіндер жиілеген. ТҮКШ бөлімінің өкілдері бұл ретте өзге жандардың шашып кеткен тұрмыстық қалдықтарын жинастырып, 300-ге жуық айыпты тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты.

Маржан Касымбек