Көлік және жолдар

Биыл қаланың шеткері аудандарындағы 140 көшеге қиыршық тас төселді

Биыл қаланың шеткері аудандарындағы 150-ге жуық көшеге қиыршық тас төселген.
Қарашаның соңына дейін осындай әдіспен тағы біраз көше қалыпқа келтірілмек.

Рахимов пен Пржевальский көшелерінің аралығында 20-дан астам үй бар. Көбіне зейнет жасындағы адамдар тұрады. Аға буын өкілдерінің айтуынша жол мәселесі біраз жыл бойы өзекті болған. Әсіресе, күз бен көктемде маңай саз-балшыққа айналатын көрінеді. Тұрғындар наурыз айында қалалық әкімдікке жүгініп, осы мәселені алға тартқан. Түйткіл жуырда шешімін тапты.

Жұман Құсайынов – қала тұрғыны:

– Біз бұл мәселені Болат Жұмабековке жеткіздік. Енді, міне, біздің көшеге қиыршық тас төселіп жатыр. Өте ризамыз. Біздің сөзімізді жерге тастамай, айтқанында тұрды.

Жалпы, 400 метрлік аумаққа қиыршық тас төсеу “Казтек” серіктестігіне сеніп тапсырылды. Мамандар шаруаға екі күн бұрын кіріскен. Жолды қалыпқа келтіру жұмыстары бүгін толығымен аяқталды.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы қалада 140 көшеге қиыршық тас төселген. Енді қараша айының соңына дейін осындай әдіспен тағы 10-нан астам көше қалыпқа келтірілмек.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Барлық жұмыстар қала әкімі Болат Жұмабековтың тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдағаннан кейін жасалып отыр. Биылғы жылдан бастап қала әкімінің үкімі бойынша барлық істі, яғни қиыршық тас төсеу, асфальттау сынды шаруаны тұрғындар өздері бақылауы тиіс. Егер де бір шағымдар болып жатса, жауапты компания қайтадан істейді.

Шаһардың шеткері аудандарына қиыршық тас төсеу келесі жылы да жалғасын таппақ.

Дана Сәлімқызы