МТРА жаңалықтары

18 қабатты үй кімдерге беріледі

Жарықты баспанаға тездетіп тарту үшін 5 мың теңге. Солнечный-2 ықшам ауданында салынып жатқан үйлердің иелері қосалқы мердігерге шаруаның атқарылуына осынша ақша төлепті. Бірақ, бұл – заңсыз дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары. Себебі, барлық жұмыстың атқарылуына мемлекеттен ақша бөлініп қойған. Сондай-ақ, Владислав Лукин әлеуметтік желілерде шу тудырған 18 қабатты баспананың қолданысқа тапсырылуы турасында да сұхбат берді.

Петропавлдағы ең зәулім үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Жас Өркендегі 18 қабатты баспанаға қазір инженерлік желілер тартылып, іске қосылуда. Яғни, жарық, су және жылумен қамтылуда. Шаруа біткен соң нысан халық игіліне тапсырылады. Әлеуметтік желілерде пайда болған шу да осыған қатысты. Алдымен жергілікті билік өкілдері 108 пәтер кілтін “7-20-25” бағдарламасының қатысушыларына табыстамақ еді. Ал үйді қолданысқа енгізу мерзімі жақындағанда әкімдіктің талабы өзгерген сыңайлы. Бұл туралы құжаттарды рәсімдеп, армандаған шаңырағына қол жеткіземін деген қала тұрғындарының бірі инстаграмдағы жазбада бөлісті. Айтуынша, баспана тек кезектегі қалалықтарға арналған.

– Aidoss_12 «Жасалып жатқан жағдай барлығына бірдей болуы керек. Неге тек кезектегілерге беріледі? Қалғандары қайтпек сонда?

– Мен тамыз айынан бері әкімдікке ара-тұра хабарласып тұрамын. Маған да бұл үйлер “7-20-25” бағдарламасы арқылы беріледі деп айтты. Енді ғана кезектегілерге беріледі деп шешілді ме? Адамдарды мазақ қылғаны ма?

– Бұл қалай болғаны? Бірнеше мәрте баспана “7-20-25” бағдарламасымен беріледі деп еді ғой. Ал екінші 18-қабатты үйді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өзіне алады дегенді естідім.

Осылайша пост астында жерлестеріміз тон пішіп, өз болжамдарымен жарыса бөлісуде. Ал баспана балансқа өтетін әкімдік өкілдері не дер екен?

Владислав Лукин – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Баспананың құрылысы 2019 жылы қалалық әкімдіктің тапсырысымен«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында тұрғызыла бастады. Пәтерлер бірнеше бағыт бойынша қолданысқа тапсырылуы мүмкін. Яғни, кезекте тұрғандар, 7-20-25 пен «Шаңырақ»-тың қатысушылары қол жеткізе алады. Бірақ, әлі нақты қай бағдарламамен берілетіні шешілген жоқ. Мәселе әкімдік отырысында қарастырылмақ.

Жалпы, бүгінде шаһарымызда «Нұрлы жер» бойынша 22 көпқабатты нысан тұрғызылуда. Олардың 7-уі қоғамның әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне арналған. Тағы 8-інің пәтер кілттері тек «Шаңырақ» бағдарламасы аясында берілмек. Қалғандарының «тағдыры» қалалық әкімдікте шешілетін болады. Солнечный-2 ықшам ауданында салынған жер үйлердің иелері де қоныс тойын жасауға асық. Бірақ, баспаналарға инженерлік желілер әлі толығымен тартылмаған. Сондықтан, кей тұрғындар бұл істі өз қолдарына алмақ болыпты.

Владислав Лукин – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Баспаналарға жарықты тартуға жауапты мердігер тұрғындардан шаруаны тездетіп атқару үшін 5 мың теңгеден сұрапты. 7 үйдің иесі қаражатты төлеген де екен. Бірақ, компания заңға қайшы әрекет жасап отыр. Оларға жоба аясында барлық қаржы мемлекет тарапынан бөлінген болатын. Сондықтан, баспана қожайындарынан бір тиын да алмаулары тиіс.

Мердігердің пысықайлығы жергілікті билік өкілдерінің құлағына жеткеннен соң, компания ақшаны қайтарып беруге міндеттелді. Жалпы, Солнечный-2 ықшам ауданында стилі бірдей 211 үй бой көтеруде. Олардың 30-ы бүгінде қолданысқа тапсырылған.

Эльмира Садвокасова