МТРА жаңалықтарыТұлға

Зарқын Тайшыбайдың шығармашылығына – 60 жыл

60 жылын шәкірт тәрбиелеп, ғылым мен білімді дамытуға арнаған тау тұлға! Қозыбаев университетінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Зарқын Тайшыбайдың шығармашылығына арналған конференция өтті. Тарих пен өлкетану, журналистика саласында талай еңбек жазып, зерттеу жұмыстарын жүргізген Зарқын Сыздықұлына “Ғалым-ұстаздың жемісті жолы” атты іс-шарада академик мәртебесі берілді.

Журналист, ғалым, жазушы, өлкетанушы, Абай, Абылай, Мағжан мен Шоқантанушы. Зарқын Сыздықұлының еңбек жолын бір ауыз сөзге сыйдыру мүмкін емес. Еңбек жолын 1958 жылы бастады. Содан бері тәуліктің 24 сағатын жұмысқа арнайды. 60 жылдың ішінде тындырылған шаруа бүгін қорытындылануда. Ғалым-ұстаздың шығармашылық қызметіне залда отырған жандар мен еліміздің, тіпті, әлемнің түкпір-түкпірінен онлайн байланысқа шығып жатқан үзеңгілестері мен ізбасарлары өз бағаларын беруде. Бірақ, қайсысы болмасын, ең алдымен Зарқын Тайшыбайдың еңбегін емес, әкелік қамқорлығын, ағалық ақылы мен жоллдастығын пір тұтатындықтарын айтуда.

Болат Сағындықов – СҚО құрметті азаматы, «Память» ҚҚ төрағасы:

– Менің айтайын дегенім ең алдымен – адамгершілігі. Көңілі кең, талабы таудай. Қай салаға кіріспесін, істеген жұмысы жемісті. Мінезі байсалды, тұра шабатын адам емес. Алдынан қанша шәкірт шықты.

Зарқын Тайшыбайдың алдынан өткен студенттердің барлығы бірдей бүгінде елі мен туған жеріне қызмет етуде. Себебі, ұстаздың басты мақсаты – мықты журналист қана емес, өз Отанының патриоты, ұлтына жанашыр маманды дайындау. Осындай шәкірттерінің бірі – Ерлан Тоқшылық. Азамат 1994 жылы Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Ал одан екі жыл бұрын дәл сол жерден Зарқын Сыздықұлы журналистика мамандығын ашқан болатын. Осылайша, ҚарМУ елімізде төртінші билік өкілдерін дайындайтын екінші жоғарғы оқу орнына айналды. Еліміз үшін қиын әрі күрделі кезеңге қарамастан білікті кадр, шебер журналистерді шығару үшін Зарқын Тайшыбай аянбай еңбектенді. Азамат мамандықтың қыр-сырын ғана емес, өмірлік сабақ та берді дейді алғашқы шәкірттерінің бірі.

Ерлан Тоқшылық, “QAZAQSTAN” РТРК” АҚ СҚОФ директоры:

– Оқулық түгілі қағаз жетіспей жатқан заманда бұл кісі Орталық Қазақстанмен тығыз байланыс орнатып, сондағы ұстаздарды шақыртып, жаңадан бітіріп жатқан Қарағанды журналистерінің басын қосып, мықты журналистер мектебін құрды. Мықты журналист болу үшін жалықпай газет пен кітап оқы. Егер білімді болсаң, өзіңді өзің көрсете аласың. Осы кеңес әлі күнге дейін есімде.

Ал араға 9 жыл салып профессор жергілікті университет қабырғасында «Журналистика» мамандығын ашып, қаламы қарымды тілшілерді даярлауға кірісті. Бүгінге дейін Қозыбаев университетінен бұқаралық ақпарат құралдарының 200-ден аса өкілі түлеп ұшты.

Ғани Сақтағанов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Университеттегі оқытушылық қызметті, сіз М.Жұмабаев, С.Сәдуақасов, М.Әуезов сынды Алаш тұлғаларын зерттеуді қатар алып жүрсіз. Сіздің қаламыңыздан туған «Мағжанның Қызылжары» -соның айқын дәлелі.

Профессордың қазақтың ұлы ханы Абылай туралы жазған кітабы да 5 мәрте қайта басылды. Осыған дейін айтылмаған деректерге толы Абай мен Шоқан жайлы да талай туындылары жарық көрді. Зарқын Сыздықұлының еңбегі және ел мен өңір дамуына қосқан сүбелі үлесін жырлауға бір күн де, түн де жетпейді. Ұстаз-ғалымның аққайыңдар өлкесінде өткізген 20 жылдың ішінде-ақ 24 кітапты жарыққа шығарған. Бастысы – ізденіс бұнымен бітпейді. Зарқын Тайшыбай алдағы уақытта қазақстандықтарды тарихтың әлі ашылмаған сырларымен тереңірек таныстырмақ ойда.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, академик, Kozybayev University профессоры:

– 1880-ші жылдар мен 18-ғасырдағы орыс баспасөзіндегі қазақ халқының тұрмысы жөнінен жазатыным бар. Содан кейін біздің қазақтың арғы тарихы – әл Фараби, Қазақ хандығы мен Алтын Орда дәуірі туралы бірталай зерттеулерім бар.

Саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнап, тарих пен өлкетану, журналистика саласында өшпейтін еңбек жазған Зарқын Тайшыбайға шығармашылық қызметінің дәл 60 жылдық мерейтойында академик мәртебесі берілді.

 

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова