МТРА жаңалықтарыБалалар

Оқушылар сарайында 92 үйірме жұмыс істейді

Петропавлдағы Оқушылар сарайында 6 бағытта / 92 үйірме жұмыс істейді. Қосымша білім беру сабақтарына 2 мыңнан астам бала барып жүр. Олар мұнда түрлі саланың қыр-сырын таниды, тәжірибе жинақтайды.

Бұл – балаларға арналған робототехника кабинеті. Мұнда 6 мен 8 жас аралығындағы ұл-қыздар түрлі роботтарды жасауды үйренеді. Мәселен, қазір олар гимнаст құлтемірді әзірлеп жатыр. Атауы айтып тұрғандай, ол түрлі іс-қимылдарды орындай алады. Қазір үйірмеге 70-тен аса бала қатысып жүр. Бәрі де ақпаратты тез ұғынып, сабақ барысында аса қызығушылық танытады дейді оқытушы Нұржан Смаилов.

Нұржан Смаилов – “Digital Urpaq” оқушылар сарайындағы робототехника үйірмесінің оқытушысы:

– Робототехника үйірмесінің көмегімен баланың алгоритмдік ойлау қабілеті мен техникалық қиялы дамиды. Нәтижесінде инженерлік қабілеттер де пайда болады. Оған қоса, бұл саланы тану баланың келешекте бәсекеге қабілетті маман иесі болуына септеседі.

Мынау – химия кабинеті. Жасөспірімдер қазір қайың ағашынан битулин атты затты бөліп алып жатыр. Жас ғалымдар оны сабынның құрамына қосып, адам терісіне пайдалы өнім жасап шығармақ. Дамира Тынысованың үйірмеге қатысып жүргеніне 1 жарым жыл болған. Оқушының химия саласына деген қызығушылығы зор.

Дамира Тынысова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің 11-сынып оқушысы:

– Біз мұнда көптеген жобаларға қатысамыз. Сондықтан, қазір үйірмеміз танымал. Мұнда көп дүние үйренеміз. Болашақта дәрігер болғым келеді. Осы орайда биологиямен қатар, химияны да жақсы білгім келеді. Қазір біз битулинді алып жатырмыз. Көбіне, үйірмеге 11-ші сынып оқушылары қатысады. Тың жобалармен айналысу бізге болашақта жақсы маман болуға ықпал етеді.

Жалпы, Оқушылар сарайындағы үйірмелер химия-биологиядан бөлек, тағы 5 түрлі бағытты ұстанады.

Нұрзия Майлина – “Digital Urpaq” оқушылар сарайы директорының IT бағыты бойынша орынбасары:

– Оқушылардың басым бөлігі IT саласын зерттеуге ден қойған. Бұл бағыттағы үйірмелерге 840 оқушы қатысады. Химия-биологияға – 500, көркемдік-эстетикалық үйірмелерге – 600, көркемөнер мектебіне 320-дан аса бала келіп жүр. Одан бөлек, медиа орталықта 41 оқушы білім алады. Енді қазір бизнес бағытын қолға алмақшымыз.

Бүгінде Оқушылар сарайында жалпы 92 үйірме бар. Түрлі саланың қыр-сырын танып жүрген жеткіншектердің саны 2 мыңнан асады.

 

 

 

Бисенова Жанна