Балалар

Еріктілер қарттарға көмек көрсетуде

Жыл басынан бері қала еріктілері 250-ден астам тұрғынға көмек көрсеткен. Жанашыр жандар / жерлестеріміздің баспаналарына барып, үй шаруаларын істесуге ат салысады. Мұндай көмекке, әсіресе, қарт адамдар мұқтаж. Бүгін жастар ресурстық орталығының волонтерлері / сексеннің сеңгіріне шыққан қарияның үйіне барып, қолғабыс етті.

Тамара Шилова 81 жаста. Жалғызбасты қария Ойқала ықшам ауданында тұрады. 20 жылдан астам уақыт мекен еткен баспанасы әбден ескірген. Су әкелу керек, қыста пеш жағып, шелекпен көмір кіргізу керек. Кейуананың бұндай істі атқарар қуаты жоқ. Әупірімдеп жүріп, жұмыстың жеңіл-желпісін тындырады. Бүгін қарияның еңкіш тартқан баспанасына еріктілер бас сұғып, біраз істің басын қайырды. Ішке молынан көмір кіргізді, ауладағы шағын қора-жайды жамап берді.

Тамара Шилова – қала тұрғыны:

– Еріктілерді шақыруға көршім көмектесті. Өзім нашар естимін. Мұндай көмекке алғаш рет жүгініп отырмын. Жұмыстарына дән ризамын. Әйтпесе, кеше әкелінген көмір көше бойында сол қалпында жатып, бөгде адамдар ұрлап әкетер еді. Жігіттер көмірді кіргізіп, ауладағы шағын сарайды жөндеп берді.

Еңбекқор еріктілердің бірі – Али Жоламанов. Белсенді жастардың қатарына биыл қосылыпты. Көмекке мұқтаж ата-әжелерді көргенде жүрегім елжіреп, қандай да болсын жәрдем көрсетуге аянбаймын. Қарттарымызға қоғам болып қолдау білдіру керек дейді волонтер.

Али Жоламанов – ерікті:

– Қарт адамдарға жиі көмек көрсетеміз. Мұндай үйлерге аптасына кем дегенде 5 рет келеміз. Күнде келеміз десек те артық болмайтын сияқты. Бүгін біз көмірді сарайға кіргізуге көмектестік.

Еріктілер – қалалық жастар ресурстық орталығының мүшелері. Ұйымның жанашыр жастары мұндай жұмысты тұрақты түрде атқарып отыруға тырысады. Мәселен, олар жыл басынан бері 250-ден астам тұрғынға көмек көрсеткен: аулаларын тазартқан, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізген.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біздің қатарға кез келген жан қосыла алады. Ұйымның жаңа мүшелерін әрқашан қуана қарсы аламыз. Осы орайда көмекке мұқтаж жандарға айтарым, 109 колл-орталығына қоңырау шалып, бізді шақыртуларына болады.

Бүгінде қалалық жастар ресурстық орталығында 100-ден астам волонтер бар.

 

 

 

Бисенова Жанна